Русский Сайттың толық нұсқасы

Біріккен Араб Әмірліктерінде теннистен халықаралық турнир басталды

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2015
  • 937

Біріккен Араб Әмірліктерінде теннистен халықаралық турнир басталды. Дәрежелі жарыста сынға түсіп жатқан Қазақстан спортшысы Андрей Голубев екінші айналымға жолдама алды. Бірінші кезеңде отандасымыз Франция теннисшісі Фабрис Мартинді екі сетте жеңді. Спорт тақырыбы келесі топтамада.

Әлемнің үздік теннисшілері Дубай қаласында бас қосты. Турнирдің бас жүлдесінен дәмелі Роджер Федерер екінші кезеңге сүрінбей өтті. Бірінші айналымда ол Ресей спортшысы Михаил Южныймен ракетка түйістірді. Ойын тартысты өткеніне қарамастан, шешуші сәтте қателікке бой алдырмаған Федерер 6-3 есебімен алға шықты.

Үзілістен кейін де алған бетінен қайтпаған Швейцария спортшысы ұпай санын түгендеді. Өз кезегінде жиі қателесіп, қарсыласының қарқынына төтеп бере алмаған Михаил Южный 6-1 есебімен ұтылып, дәрежелі жарыспен қош айтысты.



«Вольфсбург» командасы үш ұпайды олжалады. Бундеслиганың кезекті турында «Герта» командасын қабылдаған Дитер Хеккингтің шәкірттері 2-1 есебімен басым түсті. Бұл ойындағы алғашқы голды алаң иелері сапында Бас Дост соқты. Қарымта шабуылға шыққан қонақтар араға 20 минут салып таразы басын теңестірді. Қорғаушылар қателігін сәтті пайдаланған Шибер мүлт кетпеді. Үзілістен кейін «Герта» қақпасына қауіп төндірген алаң иелері ұрымтал сәттің бірінде есепті еселеді. Әріптесінің соққысынан кейін доп қақпа бағанына тиіп кері қайтты. Бірақ дер кезінде орнынан табылмаған соң, Дост дубльдің авторы атанды.

Бұл жетістігінен кейін «Вольфсбург» турнир кестесінің екінші сатысында қалды. 

Самат ҚАНАҒАТОВ