Русский Сайттың толық нұсқасы

Санитарлық қорғалатын аумақта адамдардың тұруына болады

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2016
  • 1672

Өскемендегі санитарлық қорғалатын аумақта адамдардың тұруына болады. Бұл жердің экологиялық жағдайы қанағаттандырарлық және тұрғындарды көшірудің қажеті жоқ. Республикалық экологиялық комиссия осындай қорытынды жасады. Алайда бұл шешім тұрғындардың көңілінен шықпай отыр.

Комиссия бір жыл бойы Өскеменнің санитарлық қорғалатын аумағында су, топырақ пен өсімдікті мұқият тексерген. Бұл жердегі жуан құбырларды қызметі қауіпті болып саналатын алпауыт кәсіпорындар пайдаланады. Аудан тұрғындары осы құбырлардың дәл астында өмір сүріп жатыр. Комиссия жергілікті жұртты медициналық тексерістен өткізіп, бір тоқтамға келді.

Медет Нұрғалиев, ШҚО табиғат ресурстары басқармасы басшысының орынбасары:

Комиссия бұл аумақтың жағдайын қанағаттанарлық деп шешті. Осыған байланысты тұрғындарды көшіру мен аймақта төтенше жағдай жариялау туралы үкімет қаулысы жоқ.

Қауіпсіз деп шешілген аумақта он екі жарым мың адам түтін түтетіп отыр. Алена Зачинаеваның терезесінен балалар алаңы мен бау-бақша емес, түтіндеп жатқан құбырлар көрінеді.

Алена Зачинаева, өнеркәсіп аумағының тұрғыны:

Мұнда тұрып жатқаныма отыз төрт жыл. Далаға шықсаң, көзің жасқа толады. Құбыр түтінін жел ұшырып әкеткенше, әйнектерді жауып тастаймыз. Үш жыл бұрын өнеркәсіп аумағының тұрғындарына арнап үш үй салынды деген хабар тарады. Бірақ қазір ешкім ештеңе айтпайды.

Комиссия шешімі бойынша, тұрғындарды көшіру үшін он екі миллиард теңге қажет. Бірақ  жергілікті бюджет бұл соманы көтере алмайды. Алпауыт кәсіпорындар да баспана мәселесін шешуден бас тартқан. Себебі компаниялар шаһардағы өнеркәсіпті тоқсаныншы жылдары ғана қолға алды. Ал бұқараның қоныстануы өткен ғасырдың 40-50-жылдары басталған. Эколог Владимир Лопаткиннің айтуынша, экологиялық комиссия шешімін үкімет қарауы керек. 

Владимир Лопаткин, қоғамдық кеңестің төрағасы, эколог:

Бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Айта кететіні, осы іске қатысты баяндама Үкіметке әлі жолданбаған. Сондықтан апатты үйлерді сүру бағдарламасына өзгертулердің енгізілгенін күтеміз.

Әзірге аумақта жаңа үйлер тұрғызу мен адамдардың тіркелуіне тыйым салынды. Комиссияның қорытындысына сәйкес өнеркәсіп ауданындағы үйлерді орталық су жүйесіне өткізу керек. Өйткені құдық суында улы заттар бар. Топырақтың құрамында қорғасын көп болғандықтан, бақша егуге рұқсат берілмейді. Ал тұрғындарға жиі дәрігерлерге қаралып тұру керек. Себебі ауадағы қауіпті химиялық заттардың көлемі нормадан  артық.

Абзал ҚҰРМАНКИН