Русский Сайттың толық нұсқасы

Халық қалаулылары «қиын» күнде жалақыларын мемлекет мұқтаждығына қиюға әзір

  • AstanaTV
  • 25 ақпан 2015
  • 1288

2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы Мәжілісте қолдау тауып, Сенат қарауына жіберілді. Екі жылға оңтайландырылған бюджет жобасын қорғауға келген Үкімет мүшелері биыл бюджет тапшылығының 1 триллион 2 миллиард теңгеге жеткенін алға тартты. Сондықтан «жаппай» үнемдеуге кірісу мәселесі қозғалды. Әлеуметтік шығындардан бөлек басқа жоспарланған жобалар кейінге шегеріледі, мемлекеттік органдардың әкімшілік шығындары да қысқарады. Ал жаппай үнем шенділер мен депутаттардың қалтасына қалай әсер етеді? Азамат Алдоңғаров тарқатады.

Қазынаның түсімі мен шығынын қайта саралаған Үкімет бюджет жобасын қайта құрады, оны қараған Мәжіліс оңтайландырылған жоба шынында оңтайлы деген баға берді. Жаңа құжат әлемдік экономикалық жағдайды бағып, ес жиып, етек-жеңді қымтауға бағытталған. Алдағы екі жылдың есебі басты экспорттық шикізат - мұнайдың 2015-2017 жылдары барреліне 50 доллар, ал 2018-2019-да 60 доллар болуы мүмкін деген болжаммен жасалды. Үнемдеу науқаны депутаттардың өздерін де айналып өтпейді.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Нақтыланып жатқан бюджетте Парламентке бөлінген қаражат 2 млрд теңгеге азайтылып отыр. Яғни бұл жерде Парламентке бөлінген қаражатты тиімді, тиянақты пайдалану көзделініп отыр қазіргі кезде.

Жаппай үнемдеуге көшіп отырған тек Қазақстан емес. Көршілес Ресей думасының депутаттары жалақыларының 10 пайызын экономика тапшылығын жабуға қиып отыр. Бұл бастамаға біздің депутаттар да қарсы емес көрінеді.

Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

А почему бы нет? Если необходимость такая будет, то, конечно же.. Я думал, вы по бюджету хотите что-то спросить.

Депутат Тінікеев тілшілер парламенттің емес, мемлекеттің бюджетіне көбірек көңіл бөлсе, дейді. Әріптесінің бұндай өтініш жасауын Айгүл Соловьева түсіндірді.

Айгүл Соловьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Біріншіден, Ресейде депутаттардың жалақысы 10-15 мың доллар екенін білгендеріңіз жөн. Олардың бір басында 7 көмекші бар. Сондықтан қысқартқан да шығар. Ал біздің Парламенттегі жалақы екі жарым мың доллар, ол жаңа валюта бағамы бойынша қанша екенін білмеймін. Бір көмекшіміз бар. Сондықтан онсыз да қысқа көйлекті бұдан бетер қысқартуға мүмкіндік жоқ.

Айгүл Соловьева қиындықты «көппен бірге көру» тәртібіне түбегейлі қарсы. Депутаттың пікірінше, мемлекеттік қызметте жалақысына тиісуге болмайтын «киелі» қызметкерлер бар көрінеді. Олар үнемдеуге кіріскен күнде, қоғамды жаппай жемқорлық жаулайды-мыс.

Айгүл Соловьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Сәл қиын күн туғанда, барлығы жақсы өмірден бас тартып, жаппай кедейдің күнін кешсін деген сценарийді мен мүлдем қолдамаймын. Шенеуніктердің А және Б корпустары бар, және жаппай қысқарту жолы бойынша кету олардың менеджерлік қабілеттеріне кері әсер етуі мүмкін. Мәселен, жемқорлық фактілері белең алып кетуі мүмкін.

Ал «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев, қажеттілік болса, халқына тіпті тегін қызмет етуге әзір. Депутат құр жалақыға қарап отырмағандығын алға тартады.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Біздің фракциямыздан сайланған депутаттардың дені бизнесмендер. 1-2 миллиард үнемделді дейік, онымен экономиканың қай жыртығын жамаймыз? Сондықтан Ресей думасының бұл бастамасы - жарнама. Одан да депутаттар біліктіліктерін арттырсын.

Депутаттардың аузынан жырған 1-2 миллиард құтқармайды. Ал еліміздің мәдениетті министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Айгүл Соловьевамен келіспейді. Мәдениет және спорт министрі қазақ қоғамымен, қиындық туған күнде, жүкті жұмыла көтеруге әзір.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Қоғамдағы құбылыстардың барлығына тең дәрежеде әсер етуін қолдаймын. Әрине, экономикалық ахуал мәз емес кезеңде, жалақы да тиісінше болуы шарт. Ал өсім байқалған жағдайда - жалақы да өссін. Мен қоғамдағы тепе-теңдіктің жақтасымын.

Жақтастардың жомарттығының себебін еліміздің бас қаржыгері бір ауыз сөзбен қайырғандай. Шенеунік жалақысының қысқаруы министр-депутаттардың қалауына қарап отырған жоқ.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Заработная плата, сегодня же я говорю, утвержденные объемы, они не будут сокращены. Сокращаться заработная плата не будет, никакая.

Ешқандай жалақы қысқартылмайды - бүгінгі жиынның қуанышты жаңалығы осы. Ал оңтайландырылған бюджет жобасы Парламент дәліздерін кезіп, Сенаттың алдынан өтіліп, кейін соңғы «оң» шешімді күтеді.

Айта кетейік, екі жылдық бюджет жобасында 686,7 млрд теңгенің шығынын оңтайландыру, ал тапшылығын 259,4 млрд теңгеге ұлғайту көзделген.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ