Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев сайлау өткізуге қатысты Кәрім Мәсімов және Игорь Роговпен кеңес өткізді

  • AstanaTV
  • 25 ақпан 2015
  • 1172

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Кәрім Мәсімовті қабылдады. Әңгіме президенттік сайлау өткізу мәселесіне қатысты өрбіді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы бүгінгі кеңес биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтары басшыларының, ел тұрғындары мен түрлі ұйымдардың президент сайлауын өткізуге қатысты ой-пікірлеріне байланысты өткізіліп отырғанын айтты. Ал Үкімет басшысы қоғамда президент сайлауын өткізу мәселесі белсенді талқыланып жатқанын растады.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Үкімет сайлау өткізу үшін заңдық тұрғыдан кедергі көріп тұрған жоқ. Іс жүзіндегі қисындылық жөнінен, Сіздің «Нұрлы жол» Жолдауыңыз дер кезінде жасалып, ел ішінде және сыртында жоғары бағаланды. Сондай-ақ Сіз «Қазақстан-2050» Стратегиясында ұзақ мерзімді іс-қимыл жоспарын ұсындыңыз. Осыған байланысты сайлау өткізу мәселесі дер кезінде көтерілді, өйткені ол аталған шаралардың бәрін жүзеге асыру үшін, қосымша мандат береді. Жалпы алғанда, сайлау Қазақстанның тұрақты дамуы үшін қажетті сенімді еселей түседі.

Ал Конституциялық Кеңес төрағасымен кездесуде Мемлекет басшысы кезектен тыс сайлау өткізу Конституция талаптарына дәлме-дәл сай болуы тиістігін атап өтті. Игорь Рогов, Негізгі заңның 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес, кезектен тыс президенттік сайлауды белгілеу тек Қазақстан Президентінің құзыретіне жататынына тоқталды. Аталған конституциялық құзырет ешқандай шартқа және шектеуге байлаулы емес, Мемлекет басшысы оны дербес жүзеге асырады. Осыған байланысты Конституциялық Кеңес төрағасы кезектен тыс президент сайлауын өткізуге қандай да бір конституциялық құқықтық кедергінің жоқ екенін айтты.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ