Русский Сайттың толық нұсқасы

Ипотека алғандарға бюджеттен бөлінген 130 млрд теңгенің шапағаты тие ме?!

  • AstanaTV
  • 26 ақпан 2015
  • 1500

Президенттің пәрменімен ипотека алғандардың жүгін жеңілдетуге 130 млрд теңге бөлінді. Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай тапсырма берген. Алайда Ұлттық банк қайта қаржыландыру бағдарламасы арқылы бөлінген қомақты қаражат 2004-2009 жылдар аралығында берілген ипотекалық несиелерді қамтиды деп мәлімдеді. Көмекке мұқтаж адамдардың енді нендей көмектен үміті бар? Борыштарды қайта саралау қарызға батқан тұтынушыға не бермек? Бұл сауалдарға алматылық тілшілер жауап іздеп көрді. 

Ипотека алғандардың қарызын қайта қаржыландыруға 130 млрд теңге бөлінді. Бұл аз ақша емес. Бірақ Ұлттық банктегілер ипотеканы қайта қаржыландыруға бөлінген қаражат тұтынушыларға тікелей бағытталмайтынын айтады. Бұл сома несиесін төлей алмай жүрген адамдардың қарыздарын есептен шығаруға жұмсалады. Яғни ипотекалық несиелер бойынша қызмет көрсету шарттарын жеңілдетуге бағытталмақ.

Қуат Қожахметов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

Біздің мақсатымыз - ең қиын жағдайда отырған борышкерлерді мүмкіндігінше көбірек қамту. Бірақ Үкімет борышкерлердің қарызын жабуға кепілдік бермейді. Екінші деңгейлік банктерге бөлінген қаражаттар бәрібір мемлекетке түбінде қайтарылады. Бұл жолы 2004 және 2009 жылдары қарыз алған борышкерлер көбірек қамтылмақ. Себебі осы уақыт аралығында зардап шеккендердің саны басым.

Сонда ілгеріде ипотека рәсімдеп, бірақ оны төлей алмай қалған халық бұдан не ұтпақ?! Олар қарызымыздың мөлшері төмендей ме деген үмітін ешқашан жоғалтқан емес. Шолпан Ахметжанова - ипотекалық несие алып, оны қайтара алмай жүрген борышкерлердің бірі. Зейнеткер экономикалық қиындықтар мен банктің кейбір солақай саясаты кесірінен қарызды уақытында төлей алмаған. Енді ипотека иесі мемлекет бөлген қомақты сомадан үміт күтеді.

Шолпан Ахметжанова, борышкер:

БТА банктен 52 мың доллар кредит алғанмын. Басында үлескер де болдым, сосын ипотекаға айналдырдым да, қиындыққа тап болдым. Елбасы осы 130 млрд теңгені бөлуді айтты ғой. Сондықтан үмітім зор. Осындай кризиске ұрынған, 2 девальвацияға ұрынған халыққа көмектесеміз деді.

Қазір Ұлттық банк, «Нұр Отан» партиясы және борышкерлердің басын біріктіретін қоғамдық ұйымдар бірнеше кеңес өткізіп жүр. Осы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландырудың тетіктері әлі де нақтыланып жатыр. Жақында жұмыс тобы Үкіметке өз ұсыныстарын жолдайды. Сол кезде ғана оны жүзеге асырудың нақты механизмдері жарияланбақ.

Меруерт Махмұтова, экономист-сарапшы:

Бұл ең бірінші осыған мұқтаж адамдарға арналған бағдарлама. Мысалы, бір отбасы қаржы алып, соған отбасы үшін жалғыз үй салса, соған берілуі керек көмек. Ал бірінен соң бірін 5 рет ипотека алып жүргендерге емес. Әр отбасының жағдайын жеке-жеке қарап, мүмкіндігіне орай мемлекеттік бағдарламаға өткізу керек.

Соңғы бес жылда екінші деңгейлі банктер тек ипотекалық несиеге 26 миллиард теңге жұмсаған. Бірақ оның жартысына жуығы, шамамен 11 миллиард теңгеден астамы, әлі қайтарылмапты. Еліміз бойынша ипотекалық қарызын дер кезінде өтей алмай жүрген 37 мың тұтынушы проблемалық борышкерлер санатына енген. Енді олар жақында бөлінген қаражаттың әділ жұмсалғанын қалайды. Біріншіден, тұтынушылардың шетел валютасымен алған қарыздарын теңгеге алмастыру, сосын мүмкіндігінше банктің белгілеген үстемелерін азайтып, пайыздық мөлшерлемелерді қайта қарау - кезек күттірмейтін мәселе.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ