«Ауғанстанның солтүстік-шығысында болған қар көшкінінен, 200-ге жуық адам зардап шекті»,-деп хабарлайды Рейтерс. Әзірге құрбан болғандардың нақты саны белгісіз. Дегенмен,
тек бір ғана Панджшер провинциясында табиғи апаттан
168 тұрғынның қаза болғаны туралы ақпарат бар.
Қазір іздестіру-құтқару шаралары жалғасуда. Мамандардың айтуынша, зардап шеккендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Сәрсенбіде елдің солтүстік-шығысындағы төрт провинцияның бірнеше аймағы қар көшкіні астында қалды.
Табиғи апаттан Панджшер провинциясы қатты зардап шегіп, 100-ге жуық тұрғын үй жермен жексен болған. Екі күн бойы жауған қар автожолдардағы қозғалысты тоқтатты. Құтқарушылардың жұмысына да қиындық туғызып отыр.
Ауғанстанның таулы өңірлерінде қысты күндері қар көшкіні жиі болады. 2012 жылы елдің солтүстік-шығысында болған табиғи апаттан бір елді мекеннің 145 тұрғыны із-түзсіз жоғалып кетті.
А. МҰХИТОВА