Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда мысырлық азамат көші-қон полициясымен соттасуда

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2015
  • 1635

Қостанайда мысырлық азаматқа қатысты сот ісі жүруде. 35 жастағы Бассем Фоули «босқын» мәртебесін беруден бас тартқан ішкі істер департаментінің шешіміне наразы. Шетелдіктің талап-арызы қалалық сотта қаралып жатыр. Араб азаматының ресми өкілі ретінде сотқа «Халықаралық адам құқығын қорғау» бюросының Қостанайдағы директоры қатысты.

Бассем Фоули соттан көші-қон полициясы басқармасының шешімін заңсыз деп тануды өтінген. Ол Мысырдағы әскери қақтығыстардан бейнебаян көрсетіп, Отанына оралса, өміріне қауіп төнетінін айтты. «Мақсатым - «босқын мәртебесін» алып, Қазақстанда қалу», - дейді.

Ал жауапкер тараптың өкілі Фоулидің бірнеше рет көші-қон заңын бұзып, әкімшілік айыппұл төлегеніне тоқталды. Сондай-ақ осыған дейін емін-еркін шекарадан асқанын алға тартады. Ол Қазақстанға осымен жетінші рет келіп отыр. Тіпті жергілікті қызға үйленіп, аз уақыттан соң ажырасып та үлгерген көрінеді.

Қайрат Дүтпаев, Қостанай ОІІД көші-қон полициясы басқармасының бастығы:

Оның бұрынғы әйелі мен енесінің атынан үш рет шағым түсті. Шағымданушылар Бассем Фоулидің қол көтеріп, зәбір көрсеткенін жазды. Сонымен қатар өткен жылы ол бірнеше рет көші-қон заңын бұзғаны үшін, әкімшілік айыппұл төледі. Осыны ескере отырып, комиссия оған «босқын мәртебесін» беруден бас тарту туралы шешім қабылдады.

Заңғар САНАЙ