Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда табиғат қорғаушылар NCOC-ға талаптарын орындатты

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2015
  • 1142

Солтүстік Каспий жобасының операторы - NCOC компаниясы, Д аралы мен Болашақ зауыты арасында жаңадан мұнай және газ құбырын салу жобасын жүзеге асырумен айналысуда. Оның қоршаған ортаға әсерін бағалау үшін түрлі органдардан келісім алып жатыр.

Жобаға «Жайық - Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясынан бірнеше талап туындады. Олар: құбырды тарту барысында суда итбалық кездескен кезде құрылыс жұмысын тоқтату.

Бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу кезінде құрылыс жүргізбеу. Және ескі құбырлардың жайы.  Мамандар NCOC жобасында бұл мәселелердің анық көрсетілмегені күмән туғызғанын айтады.

Бостан Сүлейменов, «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:

Үш рет хат жаздық, жауап та келді. Үш мәселе; итбалықтар, бекіре, сосын ескі құбырмен не істемексіңдер,- соны нақты айтыңдар дедік. Компания біздің талаптарымызбен келісіп, қанағаттындырды. Енді шешімді Астанада Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі комитеті қабылдайды. Каспий теңізіндегі құбыр жүргізу жұмысын үнемі бақылауда ұстап, мониторинг жасап тұру қажет.

NCOC компаниясы өкілдері, теңіз түбіндегі ескі құбырларды мүлдем алып тастау мәселесі тек жаңа құбырлар орнатылған соң ғана көтеріледі,- дейді. Су астымен жаңадан төселетін мұнай және газ құбырларының ұзындығы 100 шақырым.

Ал Атырауға сапарында Энергетика министрі Владимир Школьник 2013 жылы орын алған техникалық келеңсіздіктерді түзеу жұмыстарын бекітілген құжаттарға сәйкес, 2016 жылғы желтоқсанда бітіру жоспарланғанын мәлімдеген-ді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ