Русский Сайттың толық нұсқасы

Экономикаға қажетті кадрлар даярлайтын оқу орындарының консорциумы құрылды

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2015
  • 1289

Экономикаға қажетті кадрлар даярлайтын оқу орындарының консорциумы құрылды. Қазақстанда 10 жоғарғы оқу орны және 10 колледж білікті мамандар даярлау ісіне жұмылдырылады. Бұл туралы қазір ғана Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаева мәлімдеді.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясат бағдарламасында айқындалған кадрларды даярлау мәселесі тақырыбына арналды. Қазақстанның Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаевтың айтуынша, осы бағытта индустриялық - инновациялық дамудың екінші кезеңіне 10 миллиард теңге қарастырылған.

Бұл қаражат негізінен химия, ғарыш саласы және ғылыми зерттеулер саласында кадрларды даярлауға жұмсалмақ. Сондай-ақ, маман даярлауда тәжірибесі мол Оңтүстік Корея, Италия, Германия секілді елдердің ЖОО-ынан профессорларды тарту көзделген.

Вице министрдің айтуынша, кадрлар даярлаудың төрт жылдық жұмыс нәтижесінде 10 мыңнан астам білікті маман білім алады.

Тахир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым вице министрі:

Арнайы кадрлардың қажеттілігі толығымен анықталып отыр. Басым секторларда алдағы 4 жылда жыл сайын 3 мыңға жуық жоғарғы білікті мамандар қажет болатын болады. Сол себепті биылғы жылдан бастап магистрлерді дайындауды бастаймыз. Бейіндік магистратура бойынша, биыл 1900 адам қабылданды, келесі жылы 2500 нан 3 мыңға дейін қабылдау жоспарланып отыр. Сонда 17 жылы кадрларымыз дайындықтан өтіп жұмысқа кірісетін болады.

Жолдауда айқындалған кадрлар даярлау туралы тапсырманың міндеттерін іске асырылып жатқанын айта келе, вице-министр Балықбаев:«Аталған бағдарлама аясында алты өңірде 10 жоғары оқу орны, 10 колледж анықталғанын, экономика саласы кадрларын дайындауды қамтамасыз ететін өңірлерде оқу орындарын дамыту карталары әзірленгенін», - хабарлады.

Жалпы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 11 қарашасында халыққа жыл сайынғы жолдауында «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясат бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Онда осы кадрларды даярлау мәселесінің де нақты бағыт-бағдары көрсетілген.

Жұрағат БАМАН