Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-дағы Березовкада тағы да балалар есінен танып қалды

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2015
  • 993

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка аулының балалары арасында ес-түстен айырылып, дәрігер көмегіне жүгіндер тағы тіркелді. Бүгін түс қайта 4 оқушының жағдайы нашарлағаны туралы тілшілерімізге ауыл тұрғындары телефон арқылы хабарлады. Балаларын мектепке жіберуге қорқатын ауылдықтар енді не істерін білмей, дағдарып отыр. Дәрігерлер балалардың халін күн сайын тексергенімен, қайран болар емес. Ата-аналар мектептегі сабақ кестесін өзгерткенімен де, еш пайда болмапты. Балалардың есінен танып, сұлқ түсуі қалыпты жағдайға айналғандай.

Тілек Темірғалиев, Березовка аулының тұрғыны:

Осыдан жарты сағат бұрын төрт оқушы құлап қалды. Ішінде менің ұлым да бар. Ауылдағы медпунктке апардық. Жедел жәрдемнен үміт жоқ. Әзірге осында. Балам есінен танып, не болғанын ұмытып қалатын күйге түсті. Менің өзімде де сондай жағдай, қазір не болғанын қазір ұмытатын болдым.

Айта кетелік, осыдан үш ай бұрын Батыс Қазақстан облысындағы Березовка аулында 28 оқушы ес-түссіз құлап, дәрігер көмегіне жүгінген еді. Тұрғындар бұл жағдайға іргелес жатқан Қарашығанақ кенішін кінәлап, өздерін қауіпсіз жерге көшіруді талап етті. Алайда, кеніштегі жағдайдың қалыпты екендігін анықтаған комиссия шешімінен кейін тұрғындар көшірілмейтін болды. Бірақ аяқасты құлаған балалардың қатары көбеймесе, азаяр емес.

Еркін КАРИН