Русский Сайттың толық нұсқасы

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясына салықтың тағы бір бөлігі қайтарылды

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2015
  • 1036

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы мемлекеттен салық міндеттемелері негізінде екінші транш алды. Алып кәсіпорынға берілген 1 миллиард теңге соңғы 5 жылда қайтарылып жатқан қосымша құн салығына қосылмақ. Бұл жайында бүгін «Астана» телеарнасы тілшісіне Қарағанды облысы мемлекеттік табыс департаментінің басшысы Думан Шолатаев хабарлады. Оның айтуынша, компанияға өткен айда 5 миллиард теңге қайтарылды.

Еске салайық, «Арселор Миттал Теміртау» таяуда қарызға батқанын және өз жұмысшыларына жалақы төлеуге қауқарсыз екенін жариялаған еді. Артынша кәсіпорын мемлекеттен 12 миллиард теңге қарызды қайтаруды талап еткен болатын. Алайда, әзірге қалған 7 миллиард теңге туралы хабар жоқ.

Айта кету керек, мемлекеттік кіріс департаменті «Арселор Миттал Теміртау» компаниясында металл экспортына қатысты құжаттамалар мен қосымша құн салығының есептемелері бағытында жүргізіп жатқан тексеріс жұмыстарының наурыздың аяғына дейін жалғасатынын мәлімдеп отыр.

Думан Шолатаев, Қарағанды облысы мемлекеттік кіріс департаменті басқармасының басшысы:

Тексеріс жұмыстарының нәтижесінде біз оларға қосымша 1 млрд теңге қайтардық. Қалған сома қарастырылу үстінде. Тексеріс аяқталғаннан кейін тағы қанша қаражаттың қайтарылатыны белгілі болады. Біз «Арселор Миттал Теміртауға» жыл сайын қосымша құн салығының ақшасын қайтарып отырамыз. Салықтың бұл түрі қайтарылмайды деп айтқан дұрыс болмас.

Абзал ҚҰРМАНКИН