Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматылық бүлдіршіндердің балабақша ақысы арзандады

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2016
  • 2987

Алматыда балабақшаға алдын ала төлеп қойғандардың артық ақшасы кері қайтарылады. Бұл туралы қалалық білім басқармасы басшылары айтты. Бұған дейін ата-аналар ай сайын 27 700 теңге төлеп келген еді. Жергілікті билік салаға қосымша 3 миллиард теңге бөлді. Енді ата-аналар ай сайын балабақшаға қанша төлейді? Айгүл Ермаханның материалында.  

Гүлбану Мәсірәлиева - екі баланың анасы. Өз бүлдіршіндерімен қоса, сіңлісінің де қызына балабақшаға ақы төлеп жүр. Үшеуіне қаңтар айында 84 мың теңге жұмсапты. Гүлбану енді әр балаға 15 мың теңге төлейтініне қуанып отыр. Өйткені жергілікті билік ақпаннан бастап төлемді азайтты.

Дағдарыс уақытында үнем болды, оған біз қуаныштымыз. Әрбір ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Баға түскенмен, сапа түседі деп ойламаймын.

Қаладағы 18-ші балабақшадағы балғындар саны 245. Мекеме меңгерушісінің айтуынша, олардың бесеуінің ата-анасы қаржы қыспағынан балаларын, балабақшадан шығарып алуға өтініш жазыпты. Алайда жағымды жаңалықты ести сала, бөбекжайға қайта келуге рұқсат сұраған. 

Элмира Тұрғынбаева, Алматы қаласы №18 балабақшаның меңгерушісі:

Жаңалықты естіп, қайта келіп арызымызды қайтып алсақ бола ма деп, қайта балабақшаға келетін болды. Әрине, мемлекеттік балабақша болғандықтан, бұрын біз 2-5 жасқа дейінгі балаларға ата-аналар коммуналдық өтемді, тәрбиешілердің ақыларын төлейтін. Қазіргі таңда тек тамағына төлейтін болды. 

Қалалық білім басқармасы, бағасы арзандаған соң, сапасы нашарлай ма деп қауіптенген ата-аналарды сабырға шақырды. Жаңа тәртіпке бағынбайтындардың үстінен сенім телефондарына шағымдануға болады,- деді.

Гүлнұр Айтқұлова, Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары:

Ешқандай тәртіп бұзушылық болады деп ойламаймын. Өйткені мемлекеттік мекеме болғандықтан, олар тәртіпке бағынады. Ал егер де ата-аналар тарапынан түсінбеушілік болып жатса, тағы да қосымша ақпарат керек болатын болса, онда 2623496 байланыс телефонынан қосымша ақпарат беріледі.

Тағы бір айта кететіні, алдын ала бірнеше айдың ақысын төлеп қойған ата-аналарға артық ақшасы есептеліп, қайтарылатын болады. Бүгінде Алматы қаласында 189 жеке меншік, 175 мемлекеттік балабақша мен 56 шағын орталық жұмыс істеп тұр. Соған қарамастан, 39 мыңға жуық бала кезегін күтіп отыр. Жыл басынан бері 23 жаңа балабақша ашылса да, балаларды бөбекжаймен толық қамтудың ауылы әзірге алыс.

Айгүл ЕРМАХАН