Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында болған жол апатынан 6 адам қаза тапты

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2015
  • 1659

Қарағанды облысының Ақшатау кенті маңында болған жол апатына автобустың қарсы бетке шығуы себеп болуы мүмкін. Облыстық ішкі істер департаменті мамандарының болжамы осыған саяды. 

Апат кеше кеш қарайғанда болған. Балқаш-Қарағанды тас жолында «Камаз» жүк көлігі мен жолаушы тасымалдаушы автобус соқтығысқан. Оқыс оқиғадан 6 адам қаза болды. «Камаз» жүргізушісі мен қасындағы жолаушы тіл тартпастан жан тапсырған. Автобуста болған 15 адамның төртеуі көз жұмды. Олар - автобус жүргізушісі мен екі жолаушы және 3 жасар бала. Қалғандары түрлі жарақаттармен аман қалған. Қазір жапа шегушілердің үшеуі ауруханада ем қабылдауда. Жол-көлік оқиғасының себеп-салдары тексеріліп жатыр. ІІД баспасөз қызметі арнайы сараптамалар тағайындалғанын айтады. Алдын-ала болжам бойынша, автобус жолдың қарсы бетіне шығып, «Камазбен» соқтығысқан. 

Берік Төлеубаев, Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары:

Біздің ауруханаға екі адам жеткізілді. Біреуінің 3 қабырғасы сынған. Емдеуден бас тартты. Тағы бір науқас түрлі жарақаттар алған, емделіп жатыр. Келесі апта шығарылуы мүмкін.

Батырхан Смаилов, Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы:

Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру басталды. Сараптамалар тағайындалды. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексі бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.

Айжан ҚУАШ