Русский Сайттың толық нұсқасы

Исламшылдар Ливияда екі мұнай кен орнын басып алды

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2015
  • 1194

«Ислам мемлекетінің» содырлары Ливиядағы екі мұнай кен орнын басып алды. Шабуылдаулар әлі де жалғасып жатыр,- деп хабарлайды ТАСС. Исламшылдар сондай-ақ, Эс-Сидр айлағына апаратын құбыр желісіне де зақым келтірді.

Қос кен орны да күзетшілер еріксіз тізе бүккен соң экстремистер бақылауына өтті. Олардың бірі- Мабрук бұған дейін Ливияның ұлттық мұнай корпорациясы мен француздық Total компаниясының басқаруында болды.

Тәулігіне 40 мың баррель мұнай өндіруге қауқарлы өндіріс орны өткен жылдың желтоқсанында жұмысын тоқтатқан болатын. Ал екінші кен орны Әл-Бахи да жұмыс істемей тұр.

Еске салайық, Ливия 2011 жылы Муаммар Каддафи билігі құлатылғаннан бері терең дағдарысты бастан кешуде. Елдегі көптеген аймақтар биліктің бақылауынан мүлде шығып кеткен.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА