Русский Сайттың толық нұсқасы

NСОС компаниясы Д аралы мен Болашақ зауытын қосатын мұнай және газ құбырларын алмастыруды бастады

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2015
  • 1256

NСОС компаниясы Каспий теңізі жағалауындағы жерасты құбырларын алмастыруға барлық мемлекеттік органдардың рұқсатын алды. Қазір жаңа құбырлардың алғашқы легі де жеткізілген.

Бұл туралы бүгін Атырауда өтіп жатқан Қазақстанның сервистік компаниялар одағының төртінші конференциясында «Норт Каспиан Оперейтинг» компаниясының басқарушы директоры Жақып Марабаев мәлімдеді. Оның айтуынша, «Д» аралы мен Болашақ зауыты арасында жалпы ұзындығы 95 шақырымдық мұнай құбыры тартылады, газ құбырларының ұзындығы да дәл осындай. Ал ені 28 дюйм күйінде қала бермек. Құрылыс жұмыстары әзірге жағалаудың рұқсат етілген бөлігінде жүргізілмек. Құбырлардың алғашқы партиясына тапсырыс өткен жылдың қыркүйегінде берілген. 

Жақып Марабаев, «Норт Каспиан Оперейтинг» компаниясының басқарушы директоры:

Бізге құбырлар екі тасымалдаушыдан келеді. Бірі - Жапониядан, екіншісі - Еуропадан. Қорғалатын аумақ, ол - бөлек әңгіме. Әзірге біз жағалаудағы құрылысты бастаймыз. Оған рұқсатымыз бар. Құрылыспен "Ерсай" компаниясы айналысады.

Жақып Марабаев өз баяндамасында Қашаған жобасындағы сервистік қызмет көрсетуде жергілікті компаниялардың үлесінің артуына не кедергі екенін ашып айтты. «Оның басты себебі мынау: ҚР Заңдарына сәйкес, Қашаған жобасы бойынша консорциум және оның шетелдік мердігер компаниялары тасымалдайтын жабдықтары мен материалдары үшін кедендік баж салығы мен қосымша құн салығынан толықтай босатылған. Ал қазақстандық компаниялар үшін мұндай жеңілдіктер мүлдем жоқ». «Мәселен, шетелдік тасымалдаушы компания сырт мемлекеттен тауар сатып алады. Ал консорциум экспедиторлық компания арқылы ешқандай салық төлеместен тауарды Қазақстанға жеткізеді. Жергілікті тасымалдаушы компания шығынның барлығын өзі көтереді» деп түсіндірді.

Жақып Марабаев, «Норт Каспиан Оперейтинг» компаниясының басқарушы директоры:

Қазақстандық тасымалдаушы тауарды өзі алып келеді. Барлық шығындарымен қатар, салықты да төлейді. Осылайша тауардың құны артады. Сөйтіп, жергілікті тасымалдаушы Солтүстік Каспий жобасында жабдықтар мен материалдарды тасымалдау тендерінен автоматты түрде шығып қалады. Өйткені баға жоғары. Және тендердің техникалық талабының бірі - кеден салығынан босатуға мүмкіндік. Теңсіз жағдайдан соң шетелдік және жергілікті компания қатысқан тендерде қазақстандық компания жоғары бағаға бола жеңіліске ұшырайды.

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ