Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысы Қушоқы кентінің тұрғындары электр жарығының қымбаттауына наразы

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2015
  • 4653

Қарағанды облысы Қушоқы кентінің тұрғындары «Жезқазған энергосбыт» мекемесімен осымен бесінші жыл қатарынан соттасып жүр. Жергілікті тұрғындар "электр энергиясы бағасы жыл сайын қымбаттағанымен, жарықпен жарылқап жатқандары шамалы" деп шағымданады. Электр қуатын жеткізуші мекеме тарифті жаңа жылдан бастап 5 теңгеге көтерген. Ал тоқ өтетін сымдардың жөнделмегеніне 20 жыл болыпты. Осыдан жарық жиі сөнетін көрінеді. Даулы мәселе Қарағанды облысының аймақтық экономикалық сотында ертең бесінші мәрте қаралмақ. Айжан Қуаш жалғастырады. 

Тоқсанға таяған Анна әжей - «Қазақмыстың» бұрынғы кеншісі. Жалғызбасты қарияның жыл сайын қымбаттайтын коммуналдық қызметке қарызы жоқ, ай ма ай төлеп келеді. «Қолыма тиетін 35 мың теңге. Зейнетақым коммуналдық төлемнен, әсіресе жарықтан артылмайды», - дейді.

Анна Сағынбаева, Қушоқы кентінің тұрғыны:

Қазір мен нан мен су, жарық үшін ғана өмір сүрем. Бұл - әділетсіз. Біреулер біздің қалтамыздың арқасында күн көріп отыр деген сөз.

Қушоқы кентін «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жезқазған энергосбыт» мекемесі жарықпен қамтамасыз етеді. Жергілікті халықтың айтуынша, аталған компания электр жарығын соңғы 5 жылда үздіксіз, тұрақты түрде қымбаттатып келеді. Былтырғы тариф киловатт үшін 14 теңге 56 тиын болса, биыл 19 теңге 57 тиын болып өзгерген. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстағы өкілдері де «Жезқазған энергосбыттың» бұл әрекетін заңсыз деп бағалады.

Жұлдыз Ескенова, ТМРБҚ комитетінің облыстық департаментінің бөлім жетекшісі:

«Жезқазған энергосбыттың» әрекеті заңсыз. 2014 жылғы тариф бойынша жарықтың бағасы 14 теңге 56 тиын болуы тиіс. Дегенмен, тұрғындар жарықты пайдаланып отырғандықтан, төлеуге міндетті. Біз оларды сотқа бердік, сот шешеді.

Қушоқының 4 мыңнан астам тұрғыны қауқарсыз кейіп танытқан құзыретті орындарға көңілдері толмайды. Жарыққа жауаптылар да өз дегенінен қайтар емес.

Руслана Парфенова, «Жезқазған Энергосбыт» ЖШС Қушоқы кенті бойынша инспекторы:

Бас кеңсе биылғы қаңтардан бастап, электр жарығын 19 теңге 57 тиынға көтерді. Себебі электр жүйесі тек «Жезқазған Энергосбытқа» ғана тиесілі емес. Жарықты 22 транзиттік компания тасымалдайды. «Жезқазған Энергосбыт» осылардың барлығынан өз үлестерін төлеп отыр. Бағаның қымбаттауы да соған байланысты.

Кент тұрғындары, баға қымбаттағанмен, соған сай жағдай жасалмай отырғанына назалы. Электр желілері жөнделмеген. Айтуларынша, кенттегі барлық линия да «Қазақмысқа» тиесілі.

Айжан Қуаш, тілші:

Қушоқыдағы электр сымдары 20 жылдан бері жөнделмеген. Діңгектерден салбырап, жерге түсейін деп тұр. Ескіргені соншалық, жел мен боранға төзе алмайды. Сондықтан жарық бұл кентте жиі сөніп қалады.

Ғалия Әшмұханова, Қушоқы кентінің тұрғыны:

Міне, біздің счетчиктер. Мұнда счетчиктер болған. Бәрін ұрлап әкетті. Сымдардың жағдайын көріп тұрсыз. Талай айттық. Ешкім келіп, жөндемейді.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстағы өкілдері даулы істің сотта қаралып жатқанын айтып, базыналы халықты сабырға үндеді. Алайда тұрғындар сотта жеңетіндеріне сенімсіз. Өйткені сот бұл істі бұған дейін 4 рет қараған.

Қайрат Құсайынов, Қушоқы кентінің әкімі:

Но я сомневаюсь, 4 раза мы суд проиграли. Суд на стороне «Жезказган Энергосбыт».

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстағы өкілдері жарық тасымалдаушылардың ашық нарықта ойына келгенін істейтінін жасырмайды. «Сондықтан мәселені арзан қуат көзін өндіру арқылы ғана шешуге болады», - дейді. Ал тұрғындар бұл мәселе үкімет отырысында көтерілсе деген тілек білдірді.

Айжан ҚУАШ