Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстан облысының бюджеті 5 млрд теңгеге қысқартылады

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2015
  • 1350

Шығыс Қазақстан облысының бюджеті 5 млрд теңгеге қысқартылады. Бізге белгілі болғандай, аудандарды абаттандыруға бөлінетін қосымша қаражат үнемделетін болды. Клубтар, есерткіштер мен саябақ аумақтарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары уақытша, кейінге шегерілді.

Облыстық мәслихат депутаттары алдағы 2 жылға бекітілген облыстық бюджетті қайта саралады. Әр тиынды есептеген депутаттар Ішкі істер департаментіне бөлінген қосымша қаражатты да азайтуды ұсынды.

Көше қиылыстарындағы интеллектуалдық жүйені жетілдіру ісіне полицейлерге қосымша 500 млн теңге қаралған. Депутаттар болса, ведомства бюджетін оңтайландыру мәселесіне шүйлікті. Олар қосымша қаражаттың бюджетке қайтарылғанын қалайды.

Өйткені, облыста қосымша қаржыландыруды талап ететін басқа да бағдарламалар жетерлік. Алайда, аймақ басшысының пайымынша, ақшаның бөлінгені дұрыс шешім. Оның сөзіне сенсек, бөлінген қаражат қайтарылады. Өйткені, бір жылдың ішінде облыс бюджетіне айыппұл арқылы 160 млн теңге құйылады.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Балаларымыздың өмірін сақтап қалу мәселесі, бұл өте маңызды бағыт. 160 миллион теңге. Жыл сайын айыппұлдар жиналады. Үш жылдың ішінде бұл қаражат қайтарылады. Алдын-ала келісімге сәйкес, олар ең соңғы үлгідегі жүйені орнатпақ. Осылайша Өскемен мен Семей тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.

Сондай-ақ, 289 миллион теңге облыстық қан орталығына бөлінбек. Осылайша билік 7 жылға созылған құрылыс жұмыстарын наурыздың соңында аяқтап, мекемені қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Бюджеттен бөлінген сома заманауи медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалмақ.

Әсем МҰХИТОВА