Русский Сайттың толық нұсқасы

Әмірхан Аманбаевты тұтқынға алуға сот санкция берді

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2015
  • 1095

Алматы қаласының Медеу аудандық соты бұрынғы қаржы полициясының лауазымды қызметкерін тұтқынға алу туралы пәрмен берді. Осыдан екі күн бұрын генерал Әмірхан Аманбаев Алматыда құрықталды деген ақпарат тараған еді. Ол бүгіннен бастап сотқа дейінгі тергеу үшін 2 айға қамауға алынды. Бұл жайында қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Құзырлы орган дерегіне сенсек, құқық қорғау саласында жоғарғы қызметтер атқарған тұлға екі бірдей бап бойынша жауап беруі мүмкін. Атап айтар болсақ, «лауазымын теріс пайдалану» және «жалған кәсіпкерлікпен айналысу» баптары бойынша. Соттың баспасөз қызметі жетекшісінің айтуынша, осы жылдың ақпанында «Әмірхан Аманбаевпен бірге қылмыс жасады деген күдікпен тағы 8 адам ұсталып, қазір қамауда отыр». Осы уақыт аралығында күдіктілер 60 млрд теңгені заңсыз жымқырған. Ал 14 млрд теңге салықты айналып өткен деген болжам бар.

Әмірхан Аманбаев 55 жаста. Ол бұған дейін Қостанай және Қарағанды облыстарының прокуроры, Әділет министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. Лауазымды тұлға, қаржы полициясы өткен жылы таратылған соң, Бас прокуратурада департамент басшысы болып тағайындалған. 

Қуандық Ешімет, Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің жетекшісі:

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 2015 жылғы наурыз айының бесі күнгі қаулысымен, қызмет өкілеттілігін теріс пайдаланған және жалған кәсіпкерлік жасағаны үшін, Алматы қалалық экономикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің бұрынғы бастығы Аманбаевты 2 ай мерзімге қамау санкциясы берілді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ