Русский Сайттың толық нұсқасы

Өңірлер «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезіне қатысатын делагаттарды айқындауда

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2015
  • 1434

«Нұр Отан» партиясының 11 наурызда Астанада өтетін кезекті XVI съезіне аймақтардан келетін делегаттарды сайлау науқаны бүгін де жалғасты. 8 облыс алқалы жиынға қатысатындардың есімдерін атады. Оңтүстік Қазақстан облысынан 101, Жамбыл облысынан 80, ал Ақтөбе облысынан 58 делегат айқындалды. 

«Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалында өткен 23  кезектен тыс конференцияға аудан-ауылдардан 546 делегат қатысты. Олар Елордада алдағы сәрсенбіге жоспарланған маңызды жиынға өңірден баратын делегаттарды іріктеді. Партияның өңірдегі 27 мүшесі съезге қонақ ретінде қатысатын болса, 101 белсенді мүшесін әріптестері делегат ретінде таңдады.

Астанаға жолы түскендер арасында қалалық мәслихаттың депутаты Талғат Әмірбеков те бар. Белді кәсіпкер - Шымкенттегі металл өнімдерін шығаратын зауыттың қожайыны. 17 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Іскер азамат 180 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауытта құрылысқа қажет материалдардың ондаған түрі дайындалады. Талғат Әмірбеков партия съезіне осымен екінші рет қатысқалы отырғанын айтты.

Талғат Әмірбеков, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

Ол съезд - бізге үлкен мейрам, үлкен қуаныш. Не дегенмен, біздің бүкіл Қазақстандағы әріптестеріміз бар, «Нұр Отан» мүшелері бар, бәріміз сол жерде қосылып, бір-бірімізбен көрісіп, кәсіпкерлік жағынан бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз. Саясат жағынан, кейін депутат жағынан - көп жағынан ол керекті нәрсе.

Сондай-ақ, Жамбыл облысынан мандат комиссиясы ұсынған 80 делегат сайланды. Съезге қатысу мүмкіндігіне ие болғандардың бірі - Талас ауданындағы «Ақай» шаруа қожалығының иесі Жанат Ахаев. 20 жылдан бері төрт түлік асырап, мал шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосушы азамат дала еңбеккерлері атынан съезге делегат болып таңдалғанына қуанышты.

Жанат Ахаев, Жамбыл облысы Талас ауданындағы «Ақай» шаруа қожалығының жетекшісі:

Делегат боп сайландық. Бұл бізге артылған үлкен бір жауапкершілік. Бір кісідей ат салысып, осы ел сенімін ақтап, ауыл, аудан еңбеккерлерінің атынан, сол кісілердің сенімін ақтаймыз деп, бара жатырмыз.

Ал Ақтөбе облысынан 73 адам алқалы жиынға баратындар тізімінен табылды. Елу сегізі облыстық партия конференциясында делегат болып сайланса, қалғаны шақырумен барады. Мәжит Бикмеев - партияның бастауыш ұйымын аймақта алғаш боп құрғандардың бірі. «Трансэнерго» мекемесінің жетекшісі осыдан 12 жыл бұрын кәсіпорын жанында «Нұр Отанның» жақтастарын біріктіру қажет деп шешкен. Бүгінде шаһардағы ең үлкен бастауыш ұйымның құрамында 400-ден астам мүше бар.

Мәжит Бикмеев, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымының жетекшісі:

Өткен жылы біздің бастауыш партиялық ұйымы жиналып, өзімнің де қаражатымды қосып, ауылдық мәдениет үйін жөндедік. Жылу жүйесін ретке келтірдік. Біздің мамандар барып, барлық жұмысты бітірді. Облыс орталығынан қашықта орналасқан ауыл ғой, 200 шақырым жерде. Құмсай ауылының тұрғындары ризашылығын да білдірді.

Ақтөбе облысында 414 бастауыш партия ұйымы тіркелген. Нұротандықтар саны 33 мыңнан асып жығылады. Айта кетейік, 11 наурызда Астанада өтетін ХVI кезекті съезге еліміздің әр өңірінен келген 1 200 делегат қатысады. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ