Русский Сайттың толық нұсқасы

Жуырда «Астана» арнасында жаңа әлеуметтік жоба жарыққа шығады

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2015
  • 2211

«Астана» телеарнасында жаңа әлеуметтік жоба! Ертеңнен бастап «Дүние жарық» деректі фильмдер топтамасы көрерменге жол тартады. Жаңа жоба жарық дүниеге деген құштарлық пен ерік-жігер қандай қиындықты болса да еңсеретінін көрсетеді. Тағдыр тәлкегіне ұшыраса да, жұдырықтай жүректері кірлемеген, кісілік келбетін жоғалтпаған қайсар жандардың өмірі арқылы, адамның шексіз мүмкіндігін паш етеді. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады. 

Жобаның алғашқы кейіпкері Талғат Аманбековтың тағдырымен танысқанда, бей-жай қалу әсте мүмкін емес. Оның балалар үйінен қарттар мен мүгедектер үйіне дейінгі қилы тағдыры адам жанын түршіктіреді. Осыған қарамастан, ол қоларбадағы биден ҚР чемпионы. Рио-де-Жанейрода өтетін параолимпида ойындарына дайындалып жүр.

Бұл күнге жеткенше, ол тағдырдан талай «таяқ жеді». Ес білгелі туған анасын бір-ақ рет көрген. Сот залында ұлынан бас тартуға келгенде. Сол кезде шешесі оның хәлін сұрамақ түгел, мойынын бұрып та қарамаған.

Бірақ рет көрдім. Содан соң көрген емеспін. Туған анам ғой. Жағдайы болмаған шығар. Отбасы болмаған шығар. Кешіремін анамды.

Ол қиындықпен жалғыз күрессе де, жұдырықтай жүрегіндегі мейірімін жоғалтпады. Еңсені езген ауыр тағдыр оны ез ете алған жоқ. Бірақ... Күрескер күндердің бір күнінде аяғынан тік тұруды армандайды.

Талғат қазір он екі мүшесі сау студенттермен бірге Тараз қаласындағы гумманитарлық колледждің өнертану факультетінде оқиды. Осы жобаны дайындау барысында шығырамашылық топ талай сынақтан өтсе де, сынбаған нағыз мықты адамдармен танысты. Жігерлі жандарға жеңіс жолдас. Тағдыр тәлкегінен қашып құтылуға болмайды. Бірақ күресуге әркімнің қақы бар. Шығармашылық топ қалың көрерменге осы тектес құндылықтарды жеткізуді көздейді.

Сәуле Смаилова, «Дүние жарық» жобасының продюсері:

Бүгінгі таңда Қазақстанда 500 мыңнан астам мүгедек жан бар екен. Бірақ соладың ішінде күнделікті өмірге бейімделген, өзінің қоғамға керектігін сезінетін адамдар санаулы. Біз олардың санын көбейтуді мақсат етеміз. Әрине, кейбіреулері біздің жобадан үлкен үміт күтеді. Әқайсының өз арманы бар. Сол жоба арқылы өзінің арманы орындалғанын қалайды. Бірақ оның қалай болатынын, біз білмейміз. Енді ғана эфирге шығып жатырмыз. Көрермен қалай қабылдайды? Егер көмектесем деген кәсіпкерлер немесе бөлек компаниялар болса, біз қуана оларға көмек көрсетер едік.

Көрген жан көп ой түйетін «Дүние жарық» әлеуметтік жобасы әр сенбі сайын 11.05-те «Астана» арнасында эфирге шығады.

Айта кету керек, осы айда «Астана» арнасы бірнеше ірі жобаның тұсауын кеспек. Бұған дейін «Сырты бүтін» отбасылық драмасы көрерменге жол тартса, Наурыз мерекесі қарсаңында «Сделка» ойын-сауық жобасы эфирге шығады. Мұның барлығы телеарнаның көктемгі маусымдағы көзіқарақты көрермендерге тартуы.