«Күлбике» қазақша сөйледі. Танымал фильмнің қазақ тіліндегі алғашқы
көрсетілімі Астана мен Алматы қалаларының кинозалдарында өтті. Мерекелік
көрсетілімді халықаралық әйелдер күніне орай «Нұр Отан» партиясы, «Болашақ»
қауымдастығы, «Бәйтерек» холдингі және «Меломан» компаниясы ұйымдастырды.
«Күлбике» - соңғы бес жыл ішінде көрерменге қазақ тілінде жол тартқан оныншы
голливудтық блокбастер.
Сегізінші наурызға орай қазақша сөйлеген «Күлбике» ертегісі аналар мен
балаларға жасалған тосынсый болды. Астана мен Алматыда өткен алғашқы
көрсетілімде ересектер қарасы қалың. Өйткені қазақ тіліндегі туындыларға
сұраныс жоғары. «Күлбике» - мемлекеттік тілге аударылған оныншы голливуд өнімі.
Әлемдік кинохиттардың дубляжымен «Нұр Отан» партиясының «Жастар Отанға» жобасы
аясында бес жылдан бері «Болашақ» қауымдастығы айналысып келеді. Қазақша
сөйлеген ең алғашқы блокбастер «Көліктер-2» мульфильмі еді. 2011 жылы
аударылған өнім балалардың жүрегіне ғана жол тауып қоймай, Президент Нұрсұлтан
Назарбаевтың да жоғары бағасын алған болатын. «Нұр Отан» партиясы төрағасының
бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, жаңа технологияның өнімдері
арқылы жасалған бұл жобалар тілімізді дамытып қана қоймай, болашақта қазақ
тіліне аударылған жұмыстардың сапасын да осындай деңгейге арттырса екен, деген
сеніммен жасалып жатыр.
Серік Сәпиев, бокстан Олимпиада чемпионы:
Мен қазақ тіліндегі фильмдерді үнемі көріп тұрамын. Өкінішке орай, әдеби
тілді онша жетік меңгермегем, ал осындай фильмдер маған көмектеседі. Менің
білуімше, бұл жобаларды «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Болашақ»
қауымдастығы жасап жатыр. Сондықтан «Нұр Отан» партиясына осындай туындылар
үшін алғысымызды білдіреміз. Солардың еңбегінің арқасында біздің тіліміз дамып
жатыр.
Бүгінде Голливудтың көрермен көзайымына айналған туындыларын қазақша
сөйлету жобалары мемлекттік тілдің мәртебесін көтеріп, «Мәңгілік ел» идеясы
аясында Қазақстанның халықаралық аренада ілгерілей түсуіне септігін тигізеді.
Алғашқы көрсетілімге Күлше қызды қазақ тілінде дыбыстаған Шехназа Қызыханова да
келді. «Кейіпкер образына еніп, оның сезімін, эмоцияларын дәл жеткізу оңай
болған жоқ»,- дейді болашақ актриса.
Шехназа Қызыханова, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті:
Бұл менің дубляж әлеміндегі ең алғашқы қадамым болып келеді. Өзім осы
жобаға кастинг арқылы өттім. Және де бұл Лили Джеймсті сомдаған Күлбикенің
рөліне, оның жан дүниесін, дауысын тура сол қалпында жеткізуге тырыстым және ол
ойдағыдай шықты деп ойлаймын. Көрермен өз бағасын бере жатар.
Алғашқы көрсетілімге мектеп оқушылары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері
қатысты. Ал ертең 7 наурызда «Нұр Отан» партиясы барлық аймақта қайырымдылық
көрсетілім ұйымдастырмақ.
Айгүл ӘДЕПБАЙ