Русский Сайттың толық нұсқасы

Сайлауға түсуге үміткерлердің бірі тіл сынағын сәтті тапсырды, екіншісі өте алмады

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2015
  • 1994

Президенттік сайлауға қатысуға ниетті тағы бір үміткер мемлекеттік тіл сынағынан сүрінбей өтті. Қазақстанның коммунистік халық партиясының атынан сайлауға түскелі отырған Тұрғын Сыздықов бүгін екі сағат бойы сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ ол «Біздің күшіміз бірлікте» тақырыбында шығарма жазды. Үміткер оны жазуда барлығы 6 қате жіберген. Оның ішінде үшеуі емле, екеуі тыныс белгісі және біреуі стильдік қате. Комиссия мүшелерінің айтуынша, әзірге барлық үміткерлер  арасында ең аз қате жіберген осы азамат.


Мырзатай Жолдасбеков, ҚР ОСК жанындағы лингвистикалық комиссия төрағасы
:

Жалпы оқыған мәтінінің мағынасын түсінді ме, түсінбеді ме деген бағытта сұрақтар қойып жүрдік барлығына. Көбі не оқығанын білмейтін еді. Ал Сыздықов мырза өз оқығанын жақсы айтып берді. Комиссия мүшелері риза болып отыр негізінен. Сондықтан қорытындымыз - Тұрғын Ысқақұлы Сыздықов мемлекеттік тілді еркін меңгерген.

Екінші үміткер Ержан Серғазин жазбаша жұмыста 24 қате жіберген. Ол сөйлем құрау, мәтін оқу секілді талаптардан да сүрінді. Десе де, үміткер мемлекеттік тілді аз да болса меңгергенін мақалдап жеткізбек болды. Және президенттік сайлауға қатысу үшін мемлекеттік тілді жетік білу - шарт емес, деген пікірін де айтып қалды.

Батырдың батыр екенін қайдан білесің, найза алып жауға шаппаса. Бидің би екенін қайдан білесің, саралап билік айтпаса. Мынау Мырзатай ағамыздың бастаған алқа отырысы екенін қайдан білесің, біреу сүрініп, жығылып жатпаса.

Ержан Серғазин, президенттікке үміткер:

Мен айттым, өзім орысша оқыдым, дедім. Мысалы, бізде «мәңгүрт» дейді ғой. «Мәңгүртизация» деп жиырма жылдай жасады. Ал енді тап болып енді біз 1991 жылдан бастап тәуелсіздік алып едік, бітті, не болдық. Көштік мына қазақ тіліне. Мына президенттікке де сайлауға талап қойылып отыр. Кедергі деп, мен ойлаймын, оны. Мысалы, онда біздің кінәміз жоқ қой. Институтта оқыдық, жұмыста да бәрі орысша.

Лингвистикалық комиссияның сынағына тағы бір үміткер Қайрат Маишев қатысуға тиіс болатын. Алайда ол белгісіз себептермен сынаққа келмеген.   

Жұрағат БАМАН