Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 5 қалада әлеуметтік баспана кілттері табысталады

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2015
  • 2057

Наурыз мерекесі қарсаңында бірқатар отандастарымыз қоныс тойын тойлайды. Олар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы әлеуметтік баспана құрылысы бойынша баспаналы болуға ниетті азаматтар.  Астана, Алматы, Семей, Көкшетау және Қостанай қалаларында үй кезегінде тұрған жандарға наурыздың жиырмасында өздері көптен күткен пәтерлерінің кілтін табыстау жоспарланып отыр. Әлеуметтік шаршы метрлердің үлестірілу тәртібі мен реті жөнінде толығырақ тілші материалында.

Президент жолдауында айтылған бағдарлама жемісін берді. Алғашқы жарнасыз және төмен пайыздық көрсеткішпен халыққа  жалдамалы әлеуметтік баспана табысталмақ. Алғашқы 5 шаһардың тұрғындары баспана кілтін  санаулы күннен кейін  алуы тиіс.

Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

Астана қаласы бойынша жалпы көлемі 7500 шаршы метрді құрайтын 86 пәтер, Алматыда 37 мың шаршы метрлік 708 пәтер, Көкшетауда 19500 шаршы метрді құрайтын 337 пәтер, Семейде 120 пәтер - 5 мың шаршы метр, Қостанайда 750 шаршы метрді құрайтын 11 пәтер тапсырылады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында берілетін баспана бұған дейін пәтер кезегінде тұрған азаматтарға үлестіріледі. Яғни әлеуметтік шаршы метрлерге ие болу үшін, қайта кезекке тұрудың қажеті жоқ. Іріктеу «Нұрлы жол» бағдарламасы жарияланған күнге дейін, яғни 2014 жылдың 11 қарашасына дейін тіркелген азаматтар арасынан жүргізілмек.

Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

Баспананың жартысы 35 жасқа дейінгі балалы жас отбасыларға беріледі. Қалған пәтерлер кезек тізіміне сәйкес, көп балалы отбасылар мен жетімдерге, арнайы әлеуметтік топтарға, мемлекеттік қызметте, денсаулық сақтау, мәдениет және білім беру мекемелерінде жұмыс істейтіндерге басымдық бере отырып үлестіріледі.

Баспана бағасы  қол жетімді. Әлеуметтік пәтерлер екі санатқа бөлінеді. Алғашқысы - «кейін сатып алу құқығы бар жалдамалы пәтерлер». Яғни азаматтар 20 жылға ешқандай алғашқы төлемсіз баспана алады. 5 жыл өткенде, баспананың толық құнының тең жартысы өтелген соң, пәтерді жалға алған адам оның қалған қарызын  жауып, өз меншігіне алуға мүмкіндік бар. Ал табысы аз жандар  ұзақ жыл жалдамалы пәтерде тұра алады. Жалдау мерзімі - 10 жыл. Кейін  бұл мерзімді тағы да 10 жылға ұзарта алады. Айлық төлемі де, алғашқысына қарағанда, 2 есе төмен.

Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы: 

Кейін сатып алу құқығы бар жалдамалы пәтердің құны шаршы метріне 800-1100 теңге аралығында болады. Осылайша, Шымкент қаласындағы 25 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің айлық төлемі 20-22 мың теңгені құрайды, ал Астанадағы 45 шаршы метрлік пәтер шамамен 45 мың теңге. 3 бөлмелік баспана  құны айына 55-60 мың теңгені құрайды.

Бағдарлама «Бәйтерек» холдингі мен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы жүзеге асырылуда. Қазір баспана кезегі бойынша алғашқы 516 азаматтың тізімі дайын. Олардың 210-ы оң жауап алды. 


Азамат АЛДОҢҒАРОВ