Русский Сайттың толық нұсқасы

Орталық сайлау комиссиясы: «Президенттіктен үміткерлер «қол жинау» науқанына кірісіп кетті»

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2015
  • 1812

Лингвистикалық комиссияның сынағынан сүрінбей өткен, президенттіктен үміткерлер - Коммунистік партия өкілі Тұрғын Сыздықов пен өзін-өзі ұсынушы Лимана Қойшиева қол жинауды бастап кетті.

Олар белгіленген уақыт аралығында 93 мың 12 қолдаушының қолын жинауы тиіс. Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлағандай, президенттіктен үміткер ретінде тағы бір азамат өзін өзі ұсынған.

Ол Елордадағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқытушы болып жұмыс істейтін 53 жастағы Мұхамедрахым Құрсабаев. Үміткердің құжаттары сайлау комиссиясында тіркелді. Осылайша мемлекет басшылығына үміткер ретінде өзін-өзі ұсынғандардың саны 14 адамға жетті.

Олардың сегізі түрлі себептермен саяси додадан шығып қалды. Айта кетейік, үміткерлерді ұсыну науқаны 15-ші наурызға дейін жалғасады. Ал оларды тіркеу 25-ші наурызда аяқталуы тиіс.

Алдоңғаров АЗАМАТ