Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезінде президенттікке үміткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылды

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2015
  • 1207

Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауына түседі. Бұл мәселе бүгін «Нұр Отан» партиясының 16 кезекті съездінде мәлім болды. Еліміздің түкпін түкпірінен келген мыңдаған делегат Мемлекет басшысының кандидатурасын қолдайтынын жеткізді. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

Дөңгелек үстел басында Президентті жағалай - геолог, хирург, ұстаз, ақын, академик - бәрі отыр. Алдымен белгілі экономист Кенжеғали Сағадиев: «Әлемде тыныштық жоқ. Дүрбелең көбейді. Бір бірімен мәмлеге келе алмай, қылыштарын жалақтатып, санкциялар соғысын ашқан елдердің салқыны сезілгенін», - айтты. Мұнай бағасы түсті, табыс көзі тарылды. Экономикасы құлдыраған алыс жақын 24 ел ұлттық ақшасын девальвациялауға мәжбүр болғанын ескертті. Ал біздің елде мұндай қауіптің бетін қайтаратын «Нұрлы жол» экономикалық бағдарламасы барын айтты. Оны іске асыратын Президент Назарбаев деп білетінін мәлімдеді.

Кенжеғали Сағадиев, мемлекет және қоғам қайраткері, академик:

Біздер бұрынғыдай тек мұнайға ғана иек артуды қойып, экономиканың жаңа қырларына, жаңа мүмкіндіктеріне басымдық беріп отырмыз. Сын сағатында табылған ұтқыр шешім. Осыны орындаудың мыңызы өте зор. Бізге құрғақ сөз, жайдақ ұран емес, тиянақты іс керек. Оның нәтижесін халық көруі керек. Сонда ғана «Нұрлы жол» - бізді жаңа белестерге шығара білген береке жол деп, айта аламыз. Құрметті делегаттар, партия атынан президент қызметіне үміткер ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ресми түрде ұсынайық және одан үміткер ретінде келісімін сұрайық.

Ал ақындар Нұрсұлтан Назарбавтан сайлауға түсуді өлеңмен өтінді.

Жатпайды қын түбінде алмас нағыз, қолдаңыз, ұлтыңызды қорғаштаңыз. Қаншама асулардан адастырмай, аман-сау алып өткен марқасқамыз. Тағдырын жұртым сізге тапсырып тұр, тәуекел, тағы да бір жол бастаңыз.

Көп ұзамай, 850 мың нұротандықтың аманатын арқалап келген делегаттардың сауалына Мемлекет басшысы өз жауабын берді.

Осыдан кейін Президент Назарбаев мемлекетті дамытудың тың реформасын жариялады. Ол бес тармақтан тұрады: ашық, либералды, ел алдында есеп бере алатын мемлекет құру үшін, жемқорлықтан ада шенеунік, әділ сот, дамыған бизнес пен бір мақсатта ұйысқан ұлт бола білу керектігіне тоқталды. Осының әрбірін жеке дара тарқатты. Бастығы өзгерсе де, мызғымайтын мықты мемлекеттік аппарат құру. Көкесі қолдау көрсетпесе, қарыс қадам өспейтін сыбайлас жүйені жою. Сөйтіп, мемлекеттік қызметте танысы емес, талабы барларға жол ашамыз. Ал ерінбей еңбек еткендерге қаржылай бонус қарастырылады. Бүгін Президент ұсынған мемлекетік қызмет жүйесінің келбеті осы. Әзірге қалыптасқан жағдай өзгеше болып тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бір әкім өзгерсе, бір министр өзгерсе, артынан шапқылап тобырменен алып келеді. Біреуі жақынын, біреуі туысқанын, біреуі досын, біреуі анау-мынау... сөзің оған өте алмайды. Коррупция да, барлығы солардан шығады. Сосын өзіңді құртады, алып келеді де. Біз көріп отырмыз жан-жақтан.

Ал судья атанып, біреудің тағдырына төрелік етуге кемінде сот жүйесінде 5 жыл тәжірибесі бар мамандар ғана тартылуы тиіс. Құқық қорғаушылардың қарекеті кіршіксіз болғаны керек.

Шикізатқа тәуелділіктен құтылу кезек күттірмейді. Мұнай мен долларға жіпсіз байланған экономика жақсылыққа апармайтынын осы жолы біразы түсінді. Президент үкімет мүшелеріне «қазақтар шығарған» деп ұялмай көрсететін тым құрығанда 3-4 экспорттық өнім шығаруды тапсырды.

Индустрияландыру - индустрияландыру үшін емес. Бәсекеге қабілетті тауар өндіру үшін, Қазақстан өнімін көтеру үшін. Қазақстанда жасалған. Made in Kazakhstan! Бізге керегі осы.

«Бізде бір ұлт - ол қазақстандықтар. Елдің өсіп өркендеуі жолында жұмыла жұмыс істейді. Кеңпейілдік, қазақы болмысымыздың басты көрінісі», - деді Президент.

Сайлау өтетіні туралы естіген халық, президентке елдің түпкір түкпірінен толассыз хат жолдаған. Сондай-ақ, құрылтайда қолдау көрсеткен барша адамдарға Мемлекет басшысы, алғысын жеткізді.

Әрбір сөз, байқап тұрсам, ойланған түбінен, сүйектен өтетін лебіз, әр саясаткерге осыны есту өз халқының өкілінен - ол деген артық мәртебе жоқ. Бұдан артық қуаныш жоқ. Рахмет баршаларыңызға!

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ