Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бірлік» және «Ақ жол» партиялары президент сайлауына қатысты мәлімдеме жасады

  • AstanaTV
  • 12 наурыз 2015
  • 986

«Бірлік» партиясы алдағы президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдайды. Бүгін саяси партия Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы туралы мәселе бойынша кеңейтілген отырыс өткізді. Оның қорытындысына сай мәлімдеме жасады.

Партия төрағасы Серік Сұлтанғали ұлт лидері жүргізіп отырған салиқалы саясаты елімізді жаһандық қысылтаяң кезеңде ілгері алып шығарына нық сенім білдірді. «Қазақстан өз алдына экономиканың жаңа сапалық өсуіне қол жеткізіп, әлемнің ең бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру жөнінде мақсаттар қойып отыр. Елбасы бастамасымен қолға алынған ұзақ мерзімді «Қазақстан - 2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы, сондай-ақ басқа да стратегиялық бағдарламалар осы мақсатты іске асыруға арналған», - деді ол.

Серік Сұлтанғали, «Бірлік» партиясының төрағасы:

Біз шындыққа тура қарап, алды-артын ойлайтын партиямыз. Биылғы сайланар президенттің арқасына үлкен салмақ түсері анық. Бұған жаһанда қалыптасқан жағдай дәлел. Сондықтан іс басындағы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауға қатысу жайындағы шешімін  біз толық қолдаймыз.

Сондай-ақ, «Ақ жол» демократиялық партиясы да бүгін кезектен тыс 12 съезін өткізді. Күн тәртібіндегі басты мәселе президент сайлауына үміткер азаматты ұсыну болатын. Ақжолдықтар президенттің сайлауға қатысуын құптады. Партия мүшелері Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтынын бірауыздан мақұлдады.

Айта кетейік, үміткерлерді ұсыну науқаны 15 наурызға дейін жалғасады. Ал оларды кандидат ретінде тіркеу 25 наурызда аяқталуы тиіс. Сайлау 26 сәуір күні өтеді.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА