Русский Сайттың толық нұсқасы

ҰБТ-ға үйден шықпай-ақ дайындалуға мүмкіндік туады

  • AstanaTV
  • 12 наурыз 2015
  • 1178

Бірыңғай ұлттық тестілеуге үйден шықпай-ақ дайындалуға мүмкіндік бар. Алматыда бір топ бастамашылдар сынаққа әзірленудің жаңа жобасын жасап шығарды. Ғаламторға қосылған кез-келген оқушы тест сұрақтарына жауап беріп, тегін түрде бағын сынауға мүмкіндік алады. Арнайы сайтқа тіркеліп, өткен жылдардағы тест сауалдарына дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар да ұсынылмақ. Ең жақсы нәтиже көрсеткендер еліміздің таңдаулы жоғарғы оқу орындарына тегін жолдама алады.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге санаулы уақыт қалды. Екі жарым айдан кейін биылғы түлектерді білім сынағы күтіп тұр. Нұрислам Мағауия  қазір қызу дайындық үстінде. Әзірлік барысында оқушы заман ағымына сай барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тырысады. 

Нұрислам Мағауия:

Біз қазір тестке дайындалу үстіндеміз. Ол үшін көптеген кітаптар сатып алып, соларды пайдаланамыз. Сосын интернеттің көмегімен де тесттерді өзіміз құрастырамыз.

Түлектер үшін енді жаңа мүмкіндіктер көкжиегі ашылып отыр. Бұған дейін түрлі викториналық ойындар құрастырумен әуестеніп келген алматылық жастар енді талапкерлер үшін тест сұрақтарын бір жерден тапсыруға қолайлы бағдарлама ойлап тапты. Ол үшін 11 сынып оқушысы www.viktoriny.kz деп аталатын сайтқа кіріп тіркелген соң, ол жерде көрсетілген 125 сұраққа жауап бере алады. ҰБТ талаптарына сай 60 сұраққа дұрыс жауап бергендер екінші кезеңге өтеді.

Қанат Мырзаханов, жоба менеджері:

ҰБТ-ға дайындық кезінде оқушылар әр пәннен кітаптар сатып алу керек. Мысалы, қазақ тілінен бір кітап, орыс тілінен бір кітап. Ондай 13 сабақ бар. Ал бұл жерде ақша шағармай-ақ бір жерде барлық сабақтарды он-лайн түрінде тапсырса болады. Ол қаржылай да, қарап оқып дайындалғанға да тиімді.

Талапкерлер үшін бақ сынау тегін. Оқушының қағазбастылықтан арылып, он-лайн режимінде тест сауалдарына дайындалуына мән беріледі. Ал екінші сатыға өтіп, онда да жоғарғы нәтиже көрсеткен талапкерлерге, мемлекеттік оқу грантына ілікпеген жағдайда қаржылай жеңілдік жасалмақ.

Әуезхан Тұрдалиев, ҚАЗҰТУ профессоры:

Біздің негізгі пәніміз - физика мен математика. Бізге сол екі пәннен жоғары баллмен келгендерге, жеңілдік қарастыралады. Егер осы тесттен жоғары балл алып, біздің мамандықтарды таңдаса, 25 пайыз шегерім жасаймыз.

Он-лайн тестілеу 1 наурыздан бастап қосылғанымен, ел аумағын бойынша шамамен 2 мыңға жуық оқушы тіркеліп үлгеріпті. Ал, жоба авторлары еліміздің таңдаулы оқу орындарымен байланыс орнатқан. Бұл бастаманы Білім және ғылым министрлігі де қолдап, білім ошақтарын ат салысуға үндеген.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ