Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда тағы да жер сілкінді

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2015
  • 1202

Жексенбінің кешінде болған зілзала алматылықтардың мазасын қашырды. 5 баллдық жер сілкінісі айтарлықтай сезілді. Жер асты дүмпуі Алматыдан бірнеше шақырым қашықтықта, кешкі сағат 8-де болған. Бұл мәліметті Сеймологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясы мемлекеттік мекемесінің сейсмикалық стансалары тіркеген. Кезекті зілзала қаланың құтқару қызметтері мен тұрғындарын да бір сергітіп, қауіпсіздік мәселесін күйттеу күн тәртібінен түспегенін еске салғандай. 

Тербеліс эпицентрі Алматыдан оңтүстікке қарай 28 шақырым жерде, Қырғызстанмен шекаралас аумақта болған. 15 шақырым тереңдікте болған жер сілкінісінің магнитудасы зілзала кіндігінде 6 баллдан асты. Ал Алматы қаласында зілзала әсері 4-5 баллды құрады.

Үрей биледі, әрине. Қатты сезілді. Тура босағаның астында тұрдық.

Көршімнің үйіне жетпей қалдым. Немерем жер сілкінді деп айғайлап, далаға бірақ шықтық.


Қатты сезілді, біз бірінші қабатта болсақ та.

Оқыс оқиғаға байланысты төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел штабы іске қосылды. Олар бірден қирауы ықтимал тұрғын үйлер мен ғимараттарды, маңызды әлеуметтік-өндірістік нысандарды тексеруге кіріскен.

Нұрлан Мәдияров, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары:

8 қауіпті химиялық нысандарды тексеру жалғасуда. Залал келді деген ақпарат расталмады. Барлығы қалыпты жағдайда. Біз нақты ресми  ақпарат алғаннан кейін ғана, кабельдік желідегі телеарналар жиынтығы арқылы халықты зілзала туралы құлақтандырдық.

Соңғы кезде Алматыда жиі тіркелген жер сілкіністерінен шаһардағы барлық нысандар 100 пайызға қауіпсіз деп айту қиын. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мәліметінше, қаладағы білім және денсаулық сақтау мекемелерінің тек 45-50 пайызының ғана іргетасы күшейтілген. Өткен ғасырдың басында бой көтерген тұрғын үйлер де сол санатта. Кешегі зілзаладан кейін «Қазселденқорғау» мекемесінің бөлімшелері тау шатқалдарында орналасқан өзен-көлдерге, су бөгеттерге мониторинг пен бақылауды күшейтті. Төтенше жағдайлар департаменті болашақта халық арасында үрей болмауы үшін, «үй фондар» арқылы тұрғындарға хабар беруді қолға алмақ.

Ринат Бейсенбаев, ҚР БҒМ сейсмологиялық экспедициясының бас директоры:

Қаланың Төтенше жағдайлар департаменті және басқа да құзырлы органдарға зілзаладан кейін афтершоктар қайталанбайтынын хабарладық. Алматы қаласында зілзаланың күші 4-5 баллды құрады. Неліктен мұндай айырмашылық болып отыр? Бәрі топыраққа байланысты. Қалада бір жердің топырағы бос, енді бір жерінде тығыз болып келеді.

Сейсмолог мамандардың болжауынша, Алматы және Алматы облысы аумағында күші 7 балдан асатын зілзала биыл болмайды. Дегенмен, кесіп те айта алмады. Сондықтан тұрғындарға қажетті құжаттар мен заттарды бір жерге жинап қойған артық етпейді деген кеңес берді.

Берік ХАСЕНОВ