Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда «Театр көктемі» дәстүрлі қойылымдар фестивалі алдағы жұмаға дейін жалғасады

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2015
  • 1543

Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық  драма театры дәстүрлі  қойылымдар фестивалін бастады. «Театр көктемі» деген атаумен 20 жыл қатарынан өтіп келе жатқан байқау театр ұжымының бір жылдық еңбегінің қорытындысы іспетті.

Биылғы фестивальге өткен маусымдағы көрермендер көзайымына айналған туындылар қатысады. Сонымен бірге жаңа жылдан бастап тұсауын кескен тағы бірнеше қойылым қазылар алқасының талқысынан өтпек.

Фестиваль алдағы жұмаға дейін жалғасады. Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат», Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» және Мұхтар Әуезов аударған Шекспирдің «Отеллосы» да осы байқауда сыншылар тезіне түспек.

Шараның жабылу салтанатында үздік қойылым, үздік актерлар мен үздік сахна сайысы сынды бірнеше аталым бойынша шығармашылық сыйлықтар мен жүлделер табыс етіледі.

Асанәлі Әшімов, КСРО халық әртісі, театрдың көркемдік жетекшісі:

Міне бүгін театр көктемі де басталды. Бұл осы Наурызбен бірге келетін ерекше мереке. Театрдың сахнасындағы үш-төрт қойылым сынға түседі, жүлделер бар. Бұл режиссерге де актерлерге де бір стимул беретін үлкен сын. Сондықтан бәріңізді осы мерекемен құттықтаймын.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ
,