ҚР Президентті
сайлауына түсуге ниеттенген эколог Мэлс Елеусізов бүгін өз еркімен сайлау
науқанына қатысу өтінішін кері қайтарды. «Табиғат» экологиялық одағының
төрағасы бұл шешімін қаржылық қиындықтармен түсіндірді.
Оның сөзінше, сайлауға
төленетін міндетті жарна мен компания шығындары қомақты сома. «Қажетті
қаражатты жинай аламын деп үміттенгем, алайда үмітім ақталмады. Сондықтан
өзімді де, өзгені де бос әуреге салғым келмейді" - деді белсенді-эколог.
Айта кетейік, Елеусізов өтініш берген күні мемлекеттік тіл сынағын тапсырудан
қиналатынын да мойындаған. Бүгін ол лингвистикалық комиссия емтиханынан өтуі
тиіс-тін.
Мэлс Елеусізов, «Табиғат»
Экологиялық одағының төрағасы:
...сайлаудан
шығайын деген оймен келдім осында. Себебі қажетті ақшаны мен жинаған жоқпын.
Қалған екі күнде мен 100 мың дауысты жинамаймын. Сондықтан арыз жазып шықтым сайлаудан. Басқа
себеп жоқ, рахмет.
Айта өтейік, Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі комиссия ертең,18 -ші наурыз күні жұмысын тәмамдайды. Ал, үміткерлерді кандидат ретінде тіркеу 25-ші наурызда аяқталуы тиіс.
Әзірге Президенттік сайлауға қатысуға үміттілер арасынан тек бір адам кандидат ретінде тіркелді. Ол іс басындағы президент Нұрсұлтан Назарбаев. «Нұр Отан» партиясы атынан түскен үміткер 560 мыңнан астам қолдаушылардың қолын жинап, Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат куәлігін алды.
Жалпы, сайлау додасына қатысуға ниет білдірген 27 азаматтың өтініштері тіркелген. Олардың екеуін саяси партиялар ұсынса, қалған 25 үміткер өзін-өзі ұсынғандар. Әзірге лингвистикалық комиссиядан өткен 6 үміткер Қазақстан Конституциясы мен «Сайлау туралы» заң талаптарына сәйкес деп танылды.
Айта кетейік, Қазақстан президентін сайлау 26-сәуірде өтеді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ