Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» съезінде Елбасы берген тапсырма: өнімді терең өңдейтін уақыт жетті

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2015
  • 1924

Әртараптандыруға негізделген индустрияландыру және экономикалық өсім. Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде ұсынған реформалар жиынтығының үшінші бөлімі осылай аталады. Қазір еліміздің аймақтарында Президенттің алға қойған міндеттерін жүзеге асырудың тетіктері талқыланып, кәсіпкерлер өз бағыттарын айқындауға кірісіп кетті. Үкімет ауыл шаруашылығы саласындағы шикізатты өңдеудің кешенді бағдарламасын әзірлеп, жақын уақытта кем дегенде 3-4 жаңа экспорттық өнімді сыртқа сатуды қолға алуы тиіс. Экономиканы әртараптандырудың әлеуеті мен болашағын мамандардың пкірімен салмақтаған тілшіміз Ришат Асқарбекұлы сабақтайды. 

Президент ауыл шаруашылығының экономика күретамырына қан жүгіртетін ерекше бағыт екенін тағы да қайталады. Партияның кезекті құрылтайында ұсынылған реформалардың бірі - ауыл шаруашылығы шикізатын мейлініше өз ішімізде өңдеу. Сосын барып сыртқа саудалау. Ол үшін кешенді бағдарлама әзірлеп, трансұлттық компаниялардың әлеуетін пайдалану керек, деді Елбасы.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Ол өте қажет бағыт. Ауыл шаруашылығы шикізат өнімдерін тек қана шикізат ретінде сатып қана қоймай, терең өңдеумен қосымша құнымен қосып сатқан, әрине, ыңғайлы. Бір жағынан ол жаңа нарық ашады. Екінші жағынан еліміздің бюджетіне салық түсіреді. Қосымша жаңа жұмыс орындарын ашады. Басқа оң әсерлері өте көп. Сондықтан біз осы бағытта жұмысты бастап кеттік.

Трансұлттық компаниялар Қазақстанда өңделген өнімдердің сыртқы нарыққа шығуына және жаңа технологияның осында иегірлуіне ықпал етеді. «Сондықтан әлемдік компаниялардың ауыл шаруашылық нарығына келуі өте маңызды», - дейді министр. Ал Петропавлда сүтті өңдеп, ішкі нарыққа шығарып отырған мына зауыт өнімді өткізу бағытында еш қиындыққа тап болмаған. Сүт зауыты бүкіл Қазақстанды дайын өніммен қамтамасыз етеді. «Өндіріс көлемін арттыру үшін, шикізатты делдалсыз сатып алуға үкіметтен қолдау қажет», - дейді кәсіпорын өкілдері.

Тамара Михайлова, сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорны филиалының директоры:

Мысалы, мен делдалдардан сүтті 70 теңгеден қабылдаймын. Ал олар жеке шаруашылықтардан оны 50 теңгеден сатып алады. Егер де біз шаруалармен тікелей жұмыс істесек, онда өнім бағасын арзандатар едік. Сондықтан үкіметтен осы салаға қатысты заңдылыққа өзгеріс енгізуді сұраймыз.

Экономиканы әртараптандырудың арқасында жаңа экспорттық өнім түрлерін сыртқа шығару керек. Алматыдағы әйнек өндірісімен айналысатын бірден бір кәсіпорын ішкі нарықты жоғары сапалы, еуропалық стандартқа сай өніммен толық қамтамасыз етіп отыр. Ендігі мақсат - экспортқа негізделген отандық өндірісті жолға қою. Компания қазірдің өзінде Орталық Азияға экологиялық таза шыны өніміндерін шығарып отыр.

Мұратхан Тоқмади, құрылыс материалдарын өңдеуші компания жетекшісі:

Президент қойған тапсырмалардың барлығын біз орындауға тырысамыз. Астанада тағы зауыт құрып, жаңадан 120 жұмыс орнын аштық. Алда да жаңа жоспарларымыз бар. EXPO нысандарына қатысып, оларды біздің әйнек пакеттерімен қамтамасыз ету. Қазір салынып жатқан ғимараттарды энергия қуаттарын үнемдейтін әйнектер керек. Біз өзіміздің өнімімізбен соларды қамтамасыз етуге тырысамыз.

Экономиканы дамытудың оңтүстік кореялық моделі Қазақстан экономикасы үшін сәтті жұмыс жасар еді. Яғни елдегі экономиканың өсімі 30-40 ірі кәсіпорынның табысымен байланысты. Ал қалған ұсақ өндіріс ошақтары солардың айналасына топтасады. Белгілі экономист Мағбат Спанов осындай пікір білдіреді. «Ал экономиканы әртараптандырудың оңтайлы жолы - отандық өнімді арттыра түсу талассыз», - дейді сарапшы.

Мағбат Спанов, Қазақстан даму институтының директоры:

Үдемелі индустриялық даму бағдарламасы 2010 жылдан бастап қарқынды жұмыс жасады. Осының арқасында 800-ден астам кәсіпорын құрылды. Бірақ олардың барлығы тиімді жұмыс жасап тұр деп айту қиын. Экономикада өнім өндіруді арттыру арқылы ғана жиі айтылатын 30 мемлекеттің қатарынан табылатынымызды Елбасы тағы да ескертті. Сондықтан Президенттің партия жиынында берген тапсырмасы өте маңызды.

Мемлекет басшысы партияның алқалы жиынында көтерген мәселелерді кейінге қалдырмай, оны тыңғылықты атқаруға шақырды. Қазір еліміздің аймақтарында Президенттің алдыға қойған міндеттерін жүзеге асырудың тетіктері талқыланып, кәсіпкерлер өз бағыттарын айқындауға кірісіп кетті. Ал Үкімет әлгіндегі 5 институционалдық реформалардың тетіктерін жіліктеп, қажетті бағдарламалар әзірлеу ісімен айналысып жатыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, Абзал ҚҰРМАНКИН