Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары ертең Астанада бас қосады

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2015
  • 1319

Астана ертеңгі Қазақстан, Ресей, Беларусь басшыларының үшжақты кездесуіне дайындық үстінде. Еуразиялық экономикалық одақ аясында Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин және Александр Лукашенко кезекті рет кездескелі отыр. Ертеңгі жиында қандай мәселелер талқыланады және одақтың төртінші мүшесі – Армения - неліктен астаналық кездесуге шақырылмады? Әріптесім Азамат Алдоңғаров тарқатады.

Президенттердің тығыз жұмыс кестесінің салдарынан өткен аптада өтуі тиіс кездесу кейінге шегеріліп, апта салып, жиырмасыншы наурызға бекітілді. 1 қаңтарда іске қосылған экономикалық одақ жұмысының алғашқы тоқсан нәтижесі бойынша шешімін талап ететін бірнеше түйткілді мәселелер бар. Бүгін одақ құрамында төрт мемлекет болғанымен, Астанаға шақыртуды Ресей мен Беларусь басшылары ғана алды. Оған себеп, Армения одақтың құрылтайшысы емес. Бір сөзбен ұйымды құрған азаматтар өз туындыларының кем-кетігін түзеу жауапкершілігін мойындарына алып отыр.

Болашақ кездесудің ресми аңдатпасында «президенттер үш елдің өзара сауда және экономикалық ықпалдастығын тереңдету мәселелері, әлемдік экономиканың даму үрдістерін және Украинадағы ахуалды талқылайды» делінген. Алайда, жақында Кремльдің ресми сайтында Путиннің «үкімет пен орталық банкке одақ аясында валюталық интеграция мәселесін тапсырғандығы» жөніндегі ақпарат кезекті кездесуге деген қызығушылықты арттыра түсті. Қазақстан тарапы еуразиялық валюта тақырыбын әу бастан күн тәртібіне шығармаған. «Бұл жолы да ұсыныстың маңыздылығына күмән бар», - дейді депутат Мәулен Әшімбаев.


Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Ресейде болған девальвацияға байланысты, олардың тауарларының біздің нарықтағы арзандығына байланысты біздің тауарлардың бәсекелестігіне әсер ететін факторлар бар. Қазіргі заманда осыны талқылау керек, осыны шешу керек. Сондықтан қазіргі уақытта ортақ бір валютаны талқылау ешқандай перспективасы жоқ деп түсінемін өзім. Сондықтан тағы да айтатын мәселе - бұл сұрақ парламентте талқыланып жатқан жоқ, ешқандай бізде ақпарат жоқ.

Десе де, одақтас елдің басшысы деңгейінде көтерілген мәселе ертеңгі жиында сөз болуы бек мүмкін. Алайда сарапшылар, жұмысы үшінші айға кеткен одақтың ортақ ақшаға көше қоюы екіталай, және ондай қажеттілік те жоқ, дейді.

Талғат Демесінов, экономист:

Мысалы, Солтүстік Америка интеграциялық одағы НАФТА деп аталады. АҚШ-Канада-Мексика. Бұлардың арасында, мысалы, Канада мен АҚШ арасында ешқандай кедендік шекара жоқ, біздің Ресей мен Қазақстан сияқты арасында кедендік шекараны алып тастаған. Тауарлар, қаражат, еңбек ресурстары еркін қозғалыста. Бірақ олар ортақ валюта енгізу туралы мәселе көтеріп отырған жоқ. Канаданың өзінің доллары бар, АҚШ-тың өзінің доллары бар. Одақ құрғаннан кейін, міндетті түрде ортақ валюта құру деген міндетті емес.

Кездесуде нүктесі қойылуы тиіс тағы бір сұрақ бар. Ол Ресей рублінің девальвациясына байланысты арзан Ресей тауарларының қазақстандық өнімді, экспортты айтпағанда, ішкі нарықтан ығыстыруы. Екі ел арасындағы келіссөздер бір ай бұрын басталғанымен, әлі де нәтиже жоқ.

Ермек Көшербаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Теңге мен рубльдің долларға қатысты теңсіздігінен отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер зардап шегіп жатқаны шындық. Алдағы күндері Ресейден делегация келіп келіссөздердің үшінші кезеңі өтпек. Бағалар тепе-теңдігін 2013-2014 жылдардағы көрсеткіштер деңгейінде орнықтыруға тырысамыз.

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

Мы подписали этот договор с оговоркой. Оговорка, суть ее заключается в том, что, если договоренности будут соблюдаться, которые мы говорили, мы будем свято исполнять все, что касается Евразийского экономического союза. Мы будем соблюдать. Если только не будут соблюдать, мы оставляем за собой право вплоть до выхода из этого союза.

Бұл Александр Лукашенконың Ресейдің Беларусьті батыс тауарларын реэкспорттағаны үшін айыптап, екі ел арасындағы сауда-саттыққа шектеу енгізуіне қатысты айтқаны. Одақ жұмысын талқылайтын ертеңгі жиында осындай мәлімдемелерге түрткі болатын мәселелерді шешу жағы да талқылануы мүмкін. Ресей басшысы баспасөз хатшысының хабарлауынша, ертен сондай-ақ Назарбаев пен Путин арасында екі жақты кездесу де жоспарлануда. Одақтас елдер басшыларының басқа да ортақ тақырыбы бар: ол Украина мәселесі. Бұл тақырып та тыс қалмауы тиіс.  

Азамат АЛДОҢҒАРОВ