Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандағы мемлекеттік қызметші қандай болуы керек?

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2015
  • 2599

Қазақстандағы мемлекеттік қызметші қандай болуы керек? «Нұр Отан» партиясының 16  съезінде Елбасы жариялаған бес бірдей реформаның ішінде мемлекеттік қызмет туралы реформа бірінші тұр. Мемлекеттік қызмет - маңызды, кәсіби әрі автономды болуы тиіс. Тәжірибе де көп болуы керек. Алайда, бүгінгі атқамінерлер арасында жастар мен кеудесін қаққан «кісі-шенеунік» көп. Әлихан Байменов бұл істе таланттарды табу жолын мектеп партасынан бастау керек дейді. Ал басқалар не дейді? Тоғжан Жалғасбекқызы жалғастырады.

Еркебұлан Балтабеков мемлекеттік қызмет үшін бәріне дайын. Семейдегі педагогикалық институт түлегінің «Жас отан» құрамында жүріп, тәжірибе жинағаны бар. Не нәрсе болсын, туған ел үшін тәуекел дейді. Тіпті ол мына сән стиліндегі киім үлгісінен бас тартып, құрылысқа да құлшына кірісуге дайын.

Еркебұлан Балтабеков, ШҚО әкімдігінің жастармен жұмыс бөлімінің маманы:

Мен жұмыс істегім келетінін айттым, ешкім кеудемнен итермеді. Қабылдады. Қазір жастармен жұмыс істеуді жаным сүйеді, өзіме ұнайды.

Тәжірибесі толысқан шенеуніктің бірі - Дүйсенғазы Мусин. Ол жуырда ғана ШҚО әкімінің орынбасары болды. Жастарға тек тәуекел мен батылдық қажет деген кеңес береді. Әрі әрбір жас ауылға барса - абзал дейді. Ауылды аймақ - нағыз тәжірибе мектебі деген ол - өзінің де алғашқы қадамын ауылдан бастағанын айтты. Алғашқыда агроном болып еңбекке араласқан ол 12 жыл совхоз төрағасы, кейін аудан әкімі болды. «Теориядан гөрі, тәжірибе көп нәрсеге үйретеді», - дейді.

Дүйсенғазы Мусин, ШҚО әкімінің орынбасары:

Біз өткен мектеп, біз көрген жұмыс - кәсіби деңгейді алып жүруді үйретті. Кез-келген адам кез-келген дәрежедегі жұмысты төменгі сатысынан бастау керек. Сонда ғана ол жоғарыда отырып, тәжірибесі арқылы төменгі сатыдағы жағдайды танып, тез түсіне алады.

Бүгінде мемлекеттік қызметші білікті ғана емес, адал болуы абзал. Ашығын айтқанда, жемқорлыққа жол бермеуі тиіс. Бұл туралы Елбасы да ескерткен. Сонымен қатар, шенеуніктер де заманмен бірге дамып отыруы тиіс. Ағылшын тілін меңгеру керек. Жағалы азаматтар тек сөйлей біліп қана қоймай, шетелдік инвесторларды серіктестік барысында сендіре білуі тиіс. Ал, ондай мықтыларды мектеп партасынан бастап тәрбиелеу керек дейді Әлихан Байменов.

Әлихан Байменов, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабты басқару комитетінің төрағасы:

Әрбір мектеп басшысы оқу орнында осындай талантты оқушы бар деп Білім министрлігіне және аймақтық билік органдарын хабардар етуге міндетті. Сонда олар бақылауға алады. Барлық университет басшылары да талапты жастар бар деп тиісті мемлекеттік органдарға хабарлайды. Әрбір мемлекеттік мекеме басшысы мұндай талантты адамдар тізімін жасайды. Ал сол таланттар үшін арнайы қызметтік мансап дайындалады. Міне біз осындай бағытта талдау жасауды 2012 жылы бастадық.

Білікті басшы қызметтің барлық баспалдағынан өтуі тиіс. Сонда ғана мемлекеттік қызметтің ішкі түйткілдерін жете түсінеді. Бір сөзбен айтқанда, аудан мен облыста мықты шаруақор маман шет елде білім алған, бірақ тәжірибесіз түлектен бағалы болмақ. Қабылдау бөлмесі үнемі кісіге толы Дүйсенғазы Мусин - соның бір мысалы. Аймақтағылар алдағы егіс науқанына қамданып жатса керек.

Дүйсенғазы Мусин, ШҚО әкімінің орынбасары:

Егер де сен ауылда тұрсаң, басқарсаң, осы мәселелермен айналыссаң, онда адамдарды түсінуге де дұрыс шешім қабылдауға да әрқашан септігі тиеді.

Мемлекеттік қызметкер туралы реформаға келетін болсақ, енді оларға өз мерзімінде біліктілігін растап отыруға тура келеді. Аттестация арқылы.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ