Русский Сайттың толық нұсқасы

150 қазақстандық шет елдерде лаңкестік топтардың құрамында күресіп жүр

  • AstanaTV
  • 20 наурыз 2015
  • 1538

Бүгінде 150 қазақстандық шет елдердегі лаңкестік топтардың құрамында күресіп жүр. Мұнан бөлек тағы 200-дей әйел мен бала да солардың үгіттеуімен содырларға қосылған. Бұл жөнінде халықаралық терроризм тақырыбында өткен дөңгелек үстелде сөз болды. Басқосуды «Нұр Отан» партиясы жанындағы құқықтық кеңес ұйымдастырды. ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтің айтуынша, содырларға еріп, адасқан жандар соңынан өз қателігін түсініп бармақ шайнайды. Алайда, отанына оралуға қорқады. Қолына қару алып, адам өлтіргендерді Қазақстанда лайықты жаза күтеді. Нұрғали Білісбеков сондай-ақ біршама мәліметтер келтірді.

Нұрғали Білісбеков, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:

Өткен жылдың басынан бері шет елдердегі лаңкестердің лагерінен 15 қазақстандық оралды. 3-еуі түрлі мерзімге бас бостандығынан айрылды. Екеуіне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тағы екеуінің елге не мақсатпен оралғаны анықталуда. 8 адамның террористік әрекетке қатысы жоқ деп танылды.

ҰҚК-нің деректеріне сай, қазақстандықтардың адасуына шет елдердегі теологиялық оқу орнында білім алып келген жандардың ықпалы да жоқ емес. Бүгінде елімізде осындай күмәнді білім орындарын тәмамдаған  90  азамат бар. Олар отандық оқу ордаларында жұмысқа орналасып, дәріс беріп жүр. Жиынға қатысушылар жастардың көбіне шала сауаттыларға алданып қалатынын айтты. Мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін, мектептер мен жоғарғы оқы орындарында жастар ұйымдары арқылы белсенді жұмыс жүргізілуі керек деп есептейді. 

Нұрлан Әбдіров  ҚР Парламенті  Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Біз бүгінгі жиынға жастарды шақырып отырмыз. 30 шақты жастардың ҮЕҰ өкілдері келіп бүгінгі әңгімеге қатысып отыр. Негізі мақсатымыз - лаңкестіктің қоғам үшін, жеке тұлға үшін қауіпті екенін көрсету. Және ол үшін тиісті дәлелдерді көрсеткіміз келеді.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА