Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бірнеше отбасы пәтер кілтін алды

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2015
  • 1239

Бірқатар астаналықтар қоныс тойын тойлады. Наурыз мерекесі қарсаңында «Нұрлы жол» бағдарламасының шарапатын көрген елордалық 86 отбасы көптен күткен баспанаға қол жеткізді. «Байтерек» холдингі мен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» оларға әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйлерден жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.

Астанадағы Сығанақ көшесі бойында орын тепкен алып тұрғын үй кешенінің жалпы алаңы 8 мың шаршы метрге жуық. Әрбір шаршы метрдің жалдау құны айына 1100 теңгеден келеді. Орташа бір пәтердің аумағы шамамен 65 шаршы метр. Жаңа баспана кілттері Алматы, Көкшетау, Қостанай, Семей қалаларындағы тұрғындарға да тапсырылады. Еліміз бойынша 1357 әлеуметтік жалдамалы пәтерлерді пайдалануға беру жоспарланған.

Алина Алдабергенова, «Байтерек» ҰБХ басқарма төрағасының орынбасары:

Бағдарлама 5 жылға есептелген. Осы мерзім аралығында біз 1 жарым миллион шаршы метрді құрайтын жалпы саны 29 мыңдай пәтер салуды жоспарлап отырмыз. Бағдарламаның шарттары өте тиімді. Жалдау ақысы тұрғындар үшін қолжетімді.

Баспанаға ие болған азаматтардан алдын ала жарна алынбаған. Пәтерлер негізінен мемлекеттік қызметкерлерге, көпбалалы отбасылар мен жетім балаларға, оралмандарға және жас отбасыларға берілді. Олардың өтініші жергілікті атқару ұйымдарының тізіміне сәйкес төлем қабілетін нақтылау мақсатында «Қазақстанның ипотекалық компаниясына» жолданған.

Елбасы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында қолжетімді тұрғын үй құрылысының механизмдерін өзгертуді талап етті. Осыған орай Үкімет аймақтардың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Онда жалға алу пәтерлеріне көңіл бөлінген. Жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйлерді жеңілдетілген шартпен беруге Ұлттық қордан 180 млрд теңге бөлінді.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА