Русский Сайттың толық нұсқасы

Наурыз мерекесіне орай Қызылжардың орталық алаңында үлкен шаңырақ орнатылды

  • AstanaTV
  • 20 наурыз 2015
  • 1091

Наурыз мерекесіне орай Қызылжарда ерекше шаңырақ орнатылды. Орталық алаңда орын тепкен шаңырақтан диодты шамдар айналаға жарық таратады. Түрлі-түсті шырақтардың жалпы саны жүз мыңға жуықтайды.

Осының арқасында бірлік нышаны болып саналатын «Шаңырақ» алыстан мен мұндалап тұр. Жергілікті билік өкілдері мұндай әсем дүниені жасатуға Астанадан мамандар шақыртқан. Сонымен қатар, орталық алаңда «Этноауыл» композициясы орнатылды.

Онда киіз үй маңында Наурыз мейрамын тойлап жатқан түрлі ұлт өкілдері, алтыбақанда ән салып, тербелген қыз-бозбала бейнеленген. Жалпы, қызылжарлық шенеуніктер көктем мерекесін кеңінен тойлауға мықтап әзірленіп жатыр.

Жоспарға сәйкес, наурыздың жиырма бірі күні Петропавлдың негізгі көшесінде 200 адам қара жорға биін билемек. Сондай-ақ, түрлі сайыстар ұйымдастырылып, мерекеге жиналған қауым ұзындығы 3 метрлік тәтті торттан дәм татуға мүмкіндік алады.

Динара Рақымжанова, Петропавл қалалық әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің жетекшісі:

Наурыз мерекесіне орай биыл алғаш рет «Этноауыл» композициясын орнаттық. Бұл 2014 жылы Парижде EXPO 2017 көрмесіне орай ұйымдастырылған кеште көрсетілген еді. Биыл Ассамблея жылы болғандықтан «этноауылға» бірліктің белгісі ретінде шаңырақты қосуды дұрыс деп таптық. Одан тарайтын жарықтың аумағы мың шаршы метрді құрайды.

Абзал ҚҰРМАНКИН