Русский Сайттың толық нұсқасы

Балықшылар да, оларды іздеуге кеткендер де табылды

  • AstanaTV
  • 20 наурыз 2015
  • 1269

Атырауда адасып кеткен балықшыларды іздеуге шыққан, олардың туыстарының өздері жоғалып кете жаздады. Қала маңындағы Бесікті кентінің қос тұрғыны  мотоцикл көлігімен Каспий теңізіне балық аулауға шыққан.

Келесі күнге дейін келмеген соң, 4 туысы оларды іздеуге шығып, артынша із-түссіз кетіпті. Тағы бір тәулік өткен соң ғана туғандары Құқық қорғау органдарына хабар берген. Елді әбігерге салған қос балықшы аман-есен үйіне оралып, құтқарушылар жоғалған төртеуді іздеуге жедел штаб құрды.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, іздеу жұмыстарына құтқарушыларымен қатар, Забурын селосының бірнеше адамы, барлығы 20 шақты көлік пен 57 адам  жұмылды.

Жердегі іздеу нәтиже бермеген соң, тікұшақпен бақылау арқылы жоғалғандар табылған. Балықшылар да, олардың туыстары да дін аман. Балықшылар мініп шыққан көлігінің кейін JPS-навигаторының істен шыққанын, сөйтіп бағыттарынан жаңылғанын айтқан.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ