Русский Сайттың толық нұсқасы

Францияда апатқа ұшыраған ұшақта үш отандасымыз болған

  • AstanaTV
  • 25 наурыз 2015
  • 1017

Францияның оңтүстігінде апатқа ұшыраған Airbus A320 бортында Қазақстанның үш азаматы болған. Бұл мәліметті еліміздің Сыртқы істер министрлігі растады. Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпарға сәйкес, қаза тапқандар - бір отбасының мүшелері. Олардан бөлек тағы бір әйелдің азаматтығы анықталу үстінде. Сондай-ақ, осы апатта Қазақстан тумасы, опера әншісі Олег Брыжактың қаза тапқаны белгілі болды.

Айта өтейік, қайғылы оқиға кеше болды. Germanwings әуе компаниясының Airbus A320 ұшағында барлығы 144 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған.

Альпі тауларында болған қайғылы оқиға біздің елімізді де айналып өтпеді. Сыртқы істер министрлігі бүтін бір отбасының сол ұшақта болғанын растады. 1965 жылы туған Иманғалиев Ербол Базаралыұлы, 1966 жылғы Исенғалиева Айжан Сарымқызы және 1989 жылы туған Иманғалиев Әділ Ерболұлы Францияның оңтүстігінде көз жұмды. Германия үкіметінің хабарлауынша, Блес Елена есімді жолаушы да Қазақстан азаматшасы болуы мүмкін. Еліміздегі тиісті органдар бұл ақпаратты анықтауға кірісті. Айта өтейік, қаза тапқандардың туыстары үшін қауырт желі жұмыс істеуде.

Тау шатқалдарында 600-дей әскери мен құтқарушы іздестіру жұмыстарын жалғастыруда. Олар тікұшақпен жеткізілген. Белгілі болғандай, қара жәшіктердің бірі табылды. Мамандар апаттың себебін білуге тырысып жатыр. Ұшақ ұшу немесе қону кезінде емес, көкте қалықтаған сәтте апатқа ұшырап отыр. Мұндай жағдай сирек кездеседі екен. Ауа райы да ұшуға қолайлы болған. Әзірге белгілісі, тек Airbus-тың 11 шақырым қашықтықтан 2 шақырымға төмендегені.

Бернард Казнев, Франция ішкі істер министрі:

Барлық версияларды қарастырамыз. Тергеу жүргіземіз. Апатқа леңкестердің қатысы жоқ деп, анық айта аламын. Қара жәшікке зақым келген, бірақ қалыпқа келтіруге болады.

Мен ұшақты көрдім. Бір қауіптің барын сездім. Өйткені кеме тым төмендеп кеткен. Тауға барып соғылуы әбден мүмкін еді.

Үй ауласында жүрген едім. Ұшып бара жатқан ұшақты көрдім, бірақ мән берген жоқпын. Артынан оның құлағанын естідім.

Lufthansa вице-президенті Хайке Бирленбахтың мәліметінше, бұл жазатайым оқиға. Ал Lufthansa басшысы Карстен Шпор ұшақтың техникалық жағдайын мінсіз деп бағалады.

Карстен Шпор, LUFTHANSA әуе концернінің бас директоры:

Соңғы 60 жыл ішінде компаниямызда бірде бір апат тіркелмеген. Germanwings ұшқыштары Lufthansa-да дайындықтан өтеді. Әрбірі А320 типтес ұшақтармен кем дегенде 6 мың сағаттай ұшып жүр.

Жолаушылар арасында Германия, Испания және Түркия азаматтары да болған. Өкініштісі, әуе кемесі бортында оқушылар көп еді. Le Figaro-ның хабарлауынша, «Люфтганза» компаниясына тиесілі Germanwings ұшақтары бұған дейін апатқа ұшырамаған. Жалпы Францияда соңғы 15 жыл бойында әуе апаты тіркелмеген.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА