Қызылордадағы құрылысы бітпей
жатып құлаған бес қабаттың үйдің қирау себебін арнайы комиссия анықтайды. «Қолжетімді
баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтерген баспана құрылысына
«Дәнекер СК» серіктестігі жауапты екені белгілі болып отыр.
Кеше түс ауа құрылысы жүріп
жатқан тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып түсті. Оқиға орнында бір жұмысшы қаза тапты. Тағы
екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Көз жұмған жұмыскер Өзбекстан
азаматы екені анықталды.
Алмас Самалов, Қызылорда қалалық ауруханасының травматологы:
Алғашқы көмек көрсетілген, рентген
түсірілген, консультация берілген және жергілікті емханаға жібірілген.
Жатқызылмаған себебі: ондай сынық ештеңе жоқ. Кеуде жарақаты - ондай сынық жоқ.
Облыстық Төтенше жағдайлар
жөніндегі департамент дерегінше, оқыс оқиға мереке күндері орын алғандықтан,
зардап шеккендер қатары аз болған. Құрылыс алаңында сол кезде 10 жұмысшы ғана
еңбек етіп жатса керек. Құтқарушылар мен кинологтар үйінділер астын бірнеше
сағат бойы тексерген.
Мұрат Келесов, Қызылорда облыстық
ТЖД бастығының міндетін атқарушы:
Іргетасының сөгілуіне байланысты ғимараттың үстіңгі қабаттары салынып
жатқан бос қабаттары ғимарат ортасына құлаған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар
департаментінен төрт техника, 41 адам жұмылдырылды, облыстық ішкі істер
департаментінен 90 адам, 15 техника және дағдарыс жайындағы талдау орталығынан 2
техника, 8 адам және де жедел жәрдем қызметінен 3 техника, 9 адам
жұмылдырды.
«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша,
Шұғыла мөлтек ауданында 35 пәтерлік алты үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Айта кетейік, аймақтағы құрылыс саласында тәжірибелі саналатын «Дәнекер СК»
компаниясы көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын өткен жылдың желтоқсан айында
бастаған.
Шарипа САҚТАПОВА