Русский Сайттың толық нұсқасы

«Менің Қазақстаным» поезы жолға шықты

  • AstanaTV
  • 25 наурыз 2015
  • 1888

Шалғайдағы ауылдарға шұғыл көмек. Алыста жатқан ағайынның денсаулығын түзеп, қаржылық, құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беру үшін, «Менің Қазақстаным» поезы сапарға шықты. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай жолға шыққан темір тұлпар бір айдың ішінде 29 елді мекенді араламақ. Поезд құрамында депутаттар, министрліктер мен ұлттық компаниялар өкілдері, заңгерлер, қаржыгерлер және дәрігерлер бар. 

Елорда вокзалынан сапарға екі бірдей пойыз аттанды. Бірі - «Менің Қазақстаным», екіншісі - «Саламатты Қазақстан». Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орайластырылған акция шеңберінде арнайы топтар еліміздің шығысы мен батысын, оңтүстігі мен солтүстігін жалғамақ. Дәрігерлер тегін медициналық көмек көрсетіп, қаржыгерлер кәсібін дөңгелетемін дегендерге кеңес береді. Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері қоғамдық қабылдау жүргізеді. Әлеуметтік жәрдем алатын отбасылар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері басты назарда.

Берік Қамалиев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті:

Бүгін сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» үш медициналық поезд жіберіп отыр. Олар үш қала - Қарағанды, Ақтөбе және Алматы бағыттарында барады. Олар әр бағытта жүріп, ауылдарға барып халыққа медициналық көмек көрсетеді. Мұны тек «Қазақстан темір жолы» компаниясы өзінің қаражатына жүргізіп отыр. 


Дәл осындай поездар Алматы мен Ақтөбе қалаларынан да аттанды. «Денсаулық» және «Жәрдем» поездары заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған. Ақ халаттылар жол бойындағы станция тұрғындары мен алыс ауылдағы мыңдаған халыққа тегін ем-дом жасамақ.

Наталья Калашникова, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры:

Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутаттар әрбір станцияда қоғамдық қабылдау жүргізеді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандық қоғамдық келісім» үлгісі бойынша халықпен кездесулер өтеді. «Менің Қазақстаным» поезының басты мақсаты - қиын кезде көмек беріп, бірлікті нығайта түсу. 


Түрлі бағытқа аттанған пойыздар Қазақстан ассамблеясы жылына арналған ауқымды шараның бір бөлігі ғана. Ұйымдастырушылар қайырымдылықты да ұмытқан жоқ. Акция аясында ауыл кітіпханаларының қоры жаңа кітаптармен толығады. Ал шараны қазақ эстрадасы жұлдыздары өткізетін концерт қорытындылайды.

Берік Қамалиев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті:

Олар әр жерге барып, адамдарға өздерінің көмектерін көрсетеді. Сонымен бірге біздің халыққа, елге белгілі артистер сол елге барып, концерттерін береді.

Поезд түнімен жол жүріп, келесі күні жолаушылары халықпен кездесу өткізіп отырады. Ауқымда акция Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Конституцияның 20 жылдығы шеңберінде де қайталанбақ.

Айгүл ӘДЕПБАЙ