Русский Сайттың толық нұсқасы

Germanwings әуе компаниясының Airbus A320 ұшағының апатына байланысты Франция мен Германиядағы Қазақстан елшіліктері мемлекеттердің тиісті органдарымен байланыс орнатты

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2015
  • 1240

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Францияның оңтүстігінде апатқа ұшыраған ұшақ бортында болған қазақстандық азаматтарды анықтау және денесін елге қайтару үшін Франция мен Германияның тиісті органдарымен байланыс орнатты.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі апатта қаза тапқан отандастарымыз жөнінде мәлімдеме жасады. Қайғылы рейс жолаушыларының тізімінде болған Иманғалиевтер отбасының, Шығыс Қазақстан облысының тумалары екендігі белгілі болды.

Алайда олардың шетелге не мақсатпен сапарлағаны туралы дерек жоқ. Сондай-ақ министрлік апатта көз жұмған тағы бір әйелдің Қазақстан азаматшасы болуы мүмкін, -деген ақпаратты анықтау үстінде.

Нұржан Айтмаханов, ҚР СІМ ресми өкілі:

Қазір біздің Германиядағы һәм Франциядағы елшілігіміз сол елдің билік өкілдерімен байланыс орнатқан. Сол қайтыс болған азаматтарымыздың мәйіттерін айқындау және кейін оларды елге оралту мәселесін пысықтап жатыр. Сонымен қатар, Германияның билік өкілдерінің хабарлауынша, сол борттың құрамында тағы бір азаматтың болуы мүмкін, Елена Блес. Қазір сол азаматшаның Қазақстанның азаматы немесе еместігі тиісті мемлекеттік органдар тарапынан тексеріліп жатыр.

Апатқа ұшыраған ұшақ бортындағы 150 адамның арасында Қазақстан тумасы, белгілі опера әншісі Олег Брыжак та болған. Еске салсақ, 24-наурызда Джерманвингс (Germanwings) әуе компаниясының Airbus A-320 ұшағы Альпі тауларында құлады.

Ұшақ апатының неден болғаны әлі нақтыланған жоқ, оқиға орнында құтқару жұмыстары жалғасуда. Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Испания және Германия басшылығына көңіл айтты.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ