Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров дүниеден озды

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2015
  • 3223

Бейжіңнен қаралы хабар жетті. «Қазатомөнеркәсіп»  АҚ  басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров Қытай астанасында кенеттен көз жұмды. Белгілі болғандай, ол жүрек талмасынан қайтыс болған. Қайғылы жайт бүгін Астана уақытымен сағат 12.30-да, Бейжіңдегі мейрамханалардың бірінде, түскі ас мезгілінде болған... Ұлттық компания жетекшісі 30 наурызда 45 жасқа толатын еді.

Нұрлан Жамбылұлы 1970 жылы Алматыда дүниеге келген. Алматы технология институтын, Гарвард университетінің Жоғарғы басқару мектебін бітірген. Мамандығы -  инженер-экономист, мемлекеттік басқару магистрі. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң «Акцепт» корпорациясының президенті болып жұмыс істеді. Әр жылдары «ҚазТрансОйл»  ұлттық компаниясын, «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясын басқарған. Энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары, 2012 жылдан бастап Қоршаған орта және су ресурстары министрі болды.

Айта өтейік, «Қазақойл» ұлттық компаниясын 28 жасында басқарған ол тәуелсіз Қазақстан тарихында ең жас топ-менеджер ретінде қалды. Соңғы атқарған қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы. Форбс басылымы келтірген ақпаратқа сай, Нұрлан Қаппаров елімізде 50 беделді кәсіпкердің қатарына енген.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Нұрлан Қаппаровтың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. «Қазақстанның Қытайдағы елшілігі саясаткердің мүрдесін елге жеткізу үшін қажетті шараларды қолға алды», - деп,  министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрлан Жамбылұлы Қаппаров 

1998 ж. - «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» акционерлік қоғамының президенті
1999 ж. -  Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі
2001 ж. - Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі
2012 ж. - Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрi
2013 ж.  - Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрі
Соңғы лауазымы – «Қазатомөнеркәсіп»  акционерлік қоғамының  басқарма төрағасы

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА