Орталық
сайлау комиссиясы президенттік сайлауға қатысатын кандидаттарды айқындады. Ал
бүгін сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталып та кетті. Ол 24 сәуірге дейін жалғасады. Кандидаттарға
халықты өздерінің сайлауалды бағдарламасымен таныстыруға тура 30 күн беріледі.
Орталық сайлау комиссиясы
кандидаттардың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерін
белгіледі. Сайлау
туралы заңға сәйкес, мемлекет кандидаттарға өз бағдарламасымен бұқаралық
ақпарат құралдары арқылы жариялануы үшiн қаражатты бірдей бөледі. Әр
кандидаттың теледидардан он бес минут, радиодан он минут сөз сөйлеуіне,
сондай-ақ басылымдарда екi мақала жариялауына қаржы берiледi.
Бақыт Мелдешов, ҚР Орталық
сайлау комиссиясының хатшысы:
Бағдарламаны теледидар арқылы
баяндау 5 млн 250 мың теңге сомасында, бағдарламаны радио арқылы баяндау 200
мың тг сомасында, баспа басылымдарына 2 мақала жариялау 810 мың сома,
сайлаушылармен кездесу үшін үй-жай жалдау 200 мың тг, үгіттік баспа материалдар
басып шығару 250 мың, көліктер шығысы 300 мың теңге сомасында.
Президент
сайлауын өткізуге Үкіметтік қордан 5,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражаттың
70 пайызы жергілікті жердегі сайлау
комиссиялары мүшелеріне жалақы ретінде төленеді. Қазір жер-жерде 10 мыңнан аса
комиссия жасақталған. Онда 70 мыңдай адам жұмыс істеп жатыр. Әрбіріне үш айлық
ең төменгі жалақы мөлшерінде айлық төленеді.
Маржан Мұхаммедова, ҚР Орталық сайлау
комиссиясының қаржы бақылау бөлімінің меңгерушісі:
Республикалық заң бойынша 21
мың 364 болса, соны үшке көбейткенде 62 мыңнан. Әрбір мүшеге 62 мыңнан қаражат
бөлініп отыр.
Ал кандидаттар сайлау
қорына жеке қаражатын да тарта алады. Дегенмен
қаражат сомасы 106 млн 820 мың теңгеден
аспауы тиіс. Егер
кандидатты саяси партия ұсынса, онда ұйым 149 млн 548 мың теңге қаржы бөледі.
Сонымен қатар кез-келген азамат та өзі қалаған кандидатқа қаржы бере алады.
Оның сомасы 320 млн 460 мың теңгеден аспауы керек. Жалпы әр кандидаттың сайлау
қоры 576 млн 828 мың теңге мөлшерінде болуы тиіс. Өзін өзі
ұсынған азаматтардың шығысы бұдан азырақ. Өйткені оған партия қаржы бөлмейді.
Сондықтан оның сомасы 427 млн 280 мың теңгені құрайды.
Еске салайық, 25
наурызда Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды тіркеу аяқталды.
Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы президенттікке
кандидат ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты, Тұрғын Сыздықовты, Әбілғазы Құсайыновты
тіркеді. Президент сайлауы 26 сәуірде өтеді.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ