Бүгін
Астанада президенттікке
өзін өзі ұсынған кандидат Әбілғазы Құсайыновтың да сайлауалды штабы өз жұмысын
бастады. Үміткерді қолдау тобының міндеті - Заң шеңберінде насихат жұмыстарын
ұйымдастырып, сайлау бөлімшелері бойынша кандидаттың сенімді өкілдерінің
жұмысын үйлестіру.
Астанадағы
іскерлік орталықтардың бірінде орналасқан штабта президентікке
кандидат Әбілғазы Құсайыновтың командасы сайлауалды бейнероликті әзірлеу
үстінде. Өңірлердегі сенімді өкілдер де осы орталық пәрменімен жұмыс істейді.
Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды бағдарламасы мен үгіт-насихат жоспары
жан-жақты талқыланып, жүйеленген. Оны жүзеге асыру бүгіннен басталды.
Ал
штаб жетекшісі - Рүстем Жоламан. Бұрын әртүрлі мемлекеттік лауазымда болған ол қазір бизнесті қолдаушы ұйымды басқарады. Алайда алдағы бір ай бойына негізгі
жұмысын ысырып қойып, Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды штабын басқармақ.
Рүстем
Жоламан, ҚР Президенттігіне кандидат Ә. Құсайыновтың сайлауалды штабы жетекшісі:
Әр сайлаушыға өз платформамызды
жеткізуіміз керек. Одан
кейін агитациялық жұмыстарымызды барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы
жеткізуіміз керек. Менің ойымша, дұрыс нәтижеге жетеміз.
Иә,
бейнероликте кандидат табиғат аясында бекер тұрған жоқ. Құсайыновтың сайлауалды
бағдарламасы экология мәселесінен бастап, сол арқылы азаматтардың жайлы өмірге
қол жеткізуін негізге алған. Еңбек жолын кеніште бастаған ол өндіріс-өнеркәсіп
кешендеріне қатаң бақылау жүргізген жөн дейді. Соңғы 5 жылдың өзінде өндіріс
қалдықтарының көлемі еселеп артқан. Сондықтан техникалық талаптарды қатаң
бақылауды қолға алу керек деп санайды.
Президенттікке
өз өзін
ұсынушы Әбілғазы Қалиақпарұлы Орталық сайлау комиссиясына нөмірі үшінші
кандидат ретінде тіркелді. Мемлекеттік тіл сынағынан сүрінбей өткеннен кейін,
ол 132 мыңнан аса қолдаушы қолын жинады. 63 жастағы Әбілғазы Құсайынов біраз
мемлекеттік лауазымды қызметтерді атқарды. Комитет
төрағасы, вице-министр, министрге дейін өсті. Ал, 2012-2013 жылдары Қарағанды
облысының әкімі болды. Енді президентікке
кандидат Әбілғазы Құсайынов сайлауалды үгіт-насихат аясында аймақтарды аралауды
бастайды.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ