Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда екі ай бойы жұмысқа келмеген ауыл әкіміне қатаң сөгіс берілді

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2015
  • 1316

Қарағанды облысында екі ай бойы жұмысқа келмеген ауыл әкімінің әрекеті тәртіптік кеңесте қаралды. Осакаров ауданы Чапаево елді-мекенінің әкімі Жанболат Құрмановтың үстінен тұрғындар, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыстық департаментіне шағым түсірген.

3 айдан бері қаралып жатқан мәселеге нүкте қойылды. Бірақ, шешім тұрғындардың көңілінен шықпады.

Қуаныш Смағұлов:

Ешқандай нәрсе өзгерген жоқ. Ана жолы, осыдан 4 күн бұрын ауданнан руководитель аппарата келді. Оған мән-жайды айтсақ, «Ты до сих пор на работу не ходишь»,-деп әкімге қарап күледі. Бұл не сұмдық?!

Тәртіптік кеңеске келген тұрғындардың айтуынша, Чапаево ауылында жағдай өзгермеген. Айта кетейік, ауылдықтар қаңтарда жергілікті әкімнің жұмысқа келмейтінін айтып біздің арнаға шағымданған еді.

Сондай-ақ, су құбырларына бөлінген қаражатқа сұрау салған. Тәртіптік кеңесте тұрғындар, сондай-ақ Чапаево ауылы мен Осакаров ауданының әкімдері тыңдалды. Нәтижесінде кеңес мүшелері Жанболат Құрмановқа қатаң сөгіс жариялады.

Қызметіне салғырт қараған әкімге, кемшілігін түзетуге екі апта уақыт берілді.

Жандос Сәрсенов, Қарағанды облысы тәртіптік кеңесінің төрағасы:

Ауылға көшіп келу, халықпен тығыз қарым-қатынас жасау тапсырылсын. Әрі-қарай да тұрғындар арызданса, тағы көре жатармыз.

Екі 2 ай бұрын ауыл тұрғындары өркениеттен құр қалып отырғандарын айтып, шағымданған-ды. Елді-мекенге автобус қатынамайтынын, медициналық бекет, бірде-бір дүкен, жөні түзу мектеп пен су құбыры да жоқтығын айтқан.

Айжан ҚУАШ