Русский Сайттың толық нұсқасы

Өңірлердегі шенеуніктер бір маркалы көліктерді әр түрлі бағамен сатып алуда

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2015
  • 1107

Өңірлердегі шенеуніктер бір маркалы көліктерді әр түрлі бағамен сатып алуда. Бюджет қаржысының жұмсалуын тексеру барысында баға айырмашылығының 40 пайызға жеткені анықталды. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев мәлімдеді. Айтуынша, ведомство жанынан «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген қаржыны бақылау және салықтың төленуін қадағалау бойынша арнайы топ құрылған. «Бұл мемлекеттік сатып алу байқаулары жеңімпаздарын тексеру, сондай-ақ, бюджет қаражатының жұмсалуын назарда ұстауға септігін тигізбек», - деді Теңгебаев. 

Ардақ Теңгебаев, ҚР қаржы вице-министрі:

Автокөліктердің құнына талдау жүргізілді. Республиканың әрбір өңірінде бағаның әртүрлі екенін анықтады. Сол бағаның айырмашылығы елдің әр аумағында 40 пайызға дейін. Бюджет қаражатының тап осындай тиімсіз жұмсалуын болдырмау үшін, қаржылық бақылау комитеті автокөлік сатып алуға арналған шығыстарды жоспарлау кезінде қолдануға болатын жүйелі ұсыныстар әзірленіп жатыр.

Биылғы жылдың сәуірінен бастап отандық көліктерге берілетін жеңілдетілген несие жайы да пысықталды. Қаржы министрінің орынбасары Руслан Дәленовтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бұл бағытқа 15 миллиард теңге бөлінген. Бұл сома 6 мыңға жуық отандық көлікті сатуға мүмкіндік туғызбақ. 

Руслан Дәленов, ҚР қаржы вице-министрі:

Азаматтар көлікті 3 және 5 жылға 4 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несиемен ұлттық валютада ала алады. Жеңілдетілген автонесие беру осы жылдың сәуірінде басталады. Айта кетерлігі, бұл жеңілдіктер тек елімізде шығарылатын көліктерге, яғни отандық өнімге қатысты.

Жұрағат БАМАН