Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов сайлауалды науқаны аясында Көкшетау қаласында бірқатар кездесулер өткізді

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2015
  • 949

Қазақстан коммунистік халықтық партиясы атынан президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов сайлауалды науқаны аясында Көкшетау қаласында бірқатар кездесулер өткізді. Кандидат үгіт сапары барысында «Көкше» академиясының студенттерімен кездесті. Жиын барысында ол жастармен батыс мәдениетінің теріс ықпалы жөнінде, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі төңірегінде әңгімелесті...

«Қазіргі жастар тәрбиесі ғаламтор мен теледидардан көрсетіліп жатқан дүниемен тікелей байланысты. Сондықтан өскелең ұрпақты батыстың кері әсерінен қорғауымыз қажет. Батыс елдері дұрыс тамақтанбай, салауатты өмір салтын ұстанбағанның салдарынан, семіру және көптеген аурулар бойынша әлем елдері арасында көш бастап тұр. Балаларға дұрыс таңдау жасауға көмек көрсетуіміз керек», - деді Тұрғын Сыздықов.

Кейін ол «Көкшетау минералды сулары» жауапкершілігі шектеулі кәсіпорнының жұмысшыларымен жүздесті. Бұл шараны ҚКХП Ақмола облыстық комитетінің бірінші хатшысы Бейсенбай Мәжітов ашты. «Барлық компьютерлік ойындарда ерекше вирустар бар. Олар балалардың санасына терең сіңіп, жастарды басқыншылыққа итермелейді», - деп есептейді Тұрғын Сыздықов. 


«Біз батыс мәдениетінің ықпалын шектеуіміз керек. Шет елдер озбырлықты жаппай насихаттап жатыр. Бұл адамды ақыл-есінен, адамгершілігінен айырып, адам өмірін құнсыздандырады», - деді Т.Сыздықов. Шетелдің киімі, музыкасы, фильмдері мен сериалдары жастардың сана-сезімін бұзады. Батыстың өмір стандарттары ондағы туу өсімінің төмендеуіне әкелді. Ол жақтың жастары өзіне жүктелген міндеттерді орындағысы жоқ. Тіпті батыс елдерінің мультфильмдеріндегі кейіпкерлер бір-бірін балағаттап, өлтіріп жүргендер. Осындай батыстың өнімдері балаларды зорлық-зомбылыққа «тәрбиелейді». Голливуд стандарттары жаңа киім-кешектің, телефондардың, теледидардың өмірдегі мәнісі зор екеніне сендіреді. «Адамның қарым-қатынасы құнсызданды. Батыста адамдар бір-бірімен тілдесуден қалды», - деді кандидат Сыздықов. 

Жұрағат БАМАН