Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұрғын Сыздықовтың республикалық штабы Астанада жұмысын жалғастырып жатыр

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2015
  • 915

Қазақстан Президенттігіне үміткер Тұрғын Сыздықовтың республикалық штабы Астанада өз жұмысын жалғастырып жатыр. Штаб мүшелері Елордадағы жылу электр орталығы ұжымымен кездесіп, кандидаттың сайлауалды тұғырнамасындағы маңызды бағыттар туралы баяндады. Бұл уақытта кандидаттың сайлауалды штабы Сыр өңірінде де таныстырылды.

Астанада жылу электр стансасы жұмыскерлерімен кездескен Қазақстан Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықовтың пайымдауынша, Қазақстан коммунистік халық партиясы «ғылыми коммунизм» идеясын жалғастыру ісінде үлкен қадам жасады. Дамудың көп жолынан өтті. Халықтық партияның сайлауалды тұғырнамасына даму үрдістерін болжау, ауыспалы жағдайда әрекет ету механизмдері енгізілген.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Менің ойымша, қызықты да маңызды кездесу болды. Бұл кездесуде мен жұмысшыларға өз сайлауалды бағдарламамды жеткізген болдым. Менің сөзім халықтың жүрегіне жетті, деп ойлаймын.

Жылу электр стансасы ұжымымен кездесуде сөйлеген сөзінде Тұрғын Сыздықов «жаһандық компьютерлендіру процесі мен батыстық бұқаралық ақпарат құралдары  қоғамның санасын улап жатыр» деген пікірін айтты. Сонымен қатар, батыстық тамақтану мәдениетінің зияны - Сыздықовтың сайлауалды бағдарламасының басты тақырыптарының бірі. Кандидаттың сайлауалды штабы сайлаушылармен кездесу жоспары іске асып жатқанын айтты.

Айқын Қоңыров, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың республикалық сайлауалды штабы жетекшісі:

Қолымызда жұмыс жоспары бар. Бірқатар кездесулер мен іс-шаралар жоспарланған. Біздің штаб бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыс орнатты, олар үшін есігіміз әркез ашық.

Ел президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды штабы Қызылорда қаласында бірнеше кездесу өткізуді жоспарлаған.  Насихат материалдары да дайын. Олар таратылып та жатыр. Қызылорда облыстық штабының жетекшісі Талғат Телубаев кандидаттың сайлауалды тұғырнамасына айрықша мән беру керектігін айтты.

Талғат Телубаев, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың  Қызылорда облыстық штабы басшысы:

Қысқаша айтқанда, біз қазіргі кезеңде батыс еркіндігі деп айтылады ғой, ол нәрсе бізге тән емес деп ойлаймыз. Сондықтан жастарды ең басты өзіміздің құндылықтарымызбен тәрбиелеуіміз қажет.

Қазақстан коммунистік халық партиясының жұмысы тығыз. Республикалық штабпен қоса барлық өңірде 16 аймақтық штаб ашылған.

Айгүл ӘДЕПБАЙ