Табиғи
ресурстарды игере отырып, табиғатты сақтаудың нақты шараларын іске асыру қажет.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов «Астана
көгалдандыру құрылысы» акционерлік қоғамы ұжымымен кездесуде осы түйіткілді
әңгімеге арқау қылды. Кандидат жұмыскерлерге өзінің сайлауалды тұғырнамасын
таныстырды.
«Экономикалық
өсім қуып, экологияны ұмыт қалдырдық. Соның салдарынан таза табиғат ластанып,
басқа проблемалар туындады», - деді президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов.
Қоршаған ортаны қорғау төңірегінде ағартушылық және тәрбие мәселесі аса маңызды
өмірлік қағидалардың бірі болуға тиіс екенін айтты.
Әбілғазы
Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:
Адам мен табиғат
әрекеттестігінің өз ерекшеліктері бар. Адамға сана берілді, ол арқылы табиғатта
алатын орнын түсініп, Жер шарындағы өз міндетін айқындауға мүмкіндік алды. Табиғи ресурстарды дұрыс пайдалану,
қоршаған ортаны ластанудан қорғау және қалпына келтіруге бағытталған мемлекеттік
бақылаудың, халықаралық және қоғамдық іс-шаралардың жоспарлы жүйесін енгізу -
біздің ең басты міндетімізге айналуы керек.
Құсайынов
қоршаған ортаны құрметтеу тұрғысында қаншама жұмыстар жасалғанымен, экологиялық
мәселелерге тиісті деңгейде назар аударылмай келе жатқанына мән берді. Әлемдік
деңгейде диалог орнағанымен, Жердің табиғи қауіпсіздігіне қатысты амал-шаралар
аз, дейді. Ал үміткердің сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан президентікке кандидат Әбілғазы Құсайынов көпшілік ескере қоймайтын, бірақ
бүгінде аса өзекті болып отырған қағида - «Табиғат - адамзаттың
басты байлығы» екенін қоғамға жеткізуді және сол бағытта жұмыс істеуді
көздейтінін айтты.
Рүстем
Жоламан, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сайлауалды штабы жетекшісі:
ҚР
Президенттігіне кандидат Ә.Құсайынов адам өміріндегі маңызды мәселелерге -
экология мен ғаламшардағы биологиялық әртүрлілікке - қоғам назарын аудартуды
көздейді.
Кездесуде
кандидат Құсайынов нақты деректерге назар аударды. Мәселен, жыл сайын дүние
жүзінде шамамен 7 млн гектар шұрайлы жер ауыл шаруашылығы айналымынан шығып
қалады екен. «Басты себеп - урбанизацияның өсуі, су және жел эрозиясы, сонымен
бірге, химиялық және физикалық құлдырау», - дейді.
Ол өз ойын: «Біз балаларымыздың санасына жастайынан экология және экологиялық дұрыс өмір туралы қарапайым
ұғымдарды сіңіріп, оларды табиғатты және қоршаған ортаны күтіп, қорғауға
тәрбиелеуіміз керек», - деп түйіндеді.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ