Русский Сайттың толық нұсқасы

Франциядағы сайлауда Саркози мен Ле Пен партиялары Олланд социалистерін «шаң қаптырып» кетті

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2015
  • 1379

Франциядағы жергілікті органдар сайлауында Саркози мен Ле Пеннің партиялары Олланд басқаратын социалистерді шаң қаптырып кетті. Елде жергілікті кеңестер сайлауының екінші кезеңі мәреге жетті. Оның қорытындысы - бірінші кезеңнің нәтижесін қайталады деуге болады. Экзит-пул қорытындысы бойынша, Николя Саркози басқаратын «Халықтық қозғалыс одағы» алпыстан аса жергілікті кеңесте жеңіске жетті.

Ал, қазіргі Президент Франсуа Олландтың социалистік партиясы шамамен 30 кеңестегі билігінен айырылды. Соған қарағанда, Франсуа Олландтың құр уәделерінен шаршаған француздар бірауыздан оңшылдарды қолдаймыз деп келіссе керек. Ал бірнеше жыл бұрын жанжалдан көз ашпаған экс-президент Николя Саркозиге келер болсақ, сарапшылар енді оның Елисей сарайына қайта оралуына барлық мүмкіндік бар деп есептейді. Осы сайлауды саясаткерлер 2017 жылғы Президент сайлауы алдындағы маңызды науқан деп атауда. 

Николя Саркози, Францияның экс-президенті, «Халықтық қозғалыс одағының» лидері:

Француздардың басым көпшілігі Франсуа Олландтың саясаты мен оның үкіметіне қарсы шықты. Бұған дейін басқарушы партия дәл мұндай көп орнын жоғалтпаған. Ешқашан басқарушы үкіметке дәл мұндай сенімсіздік танытпаған. Ешқашан биліктің саясаты - аймақтық билікке дейін дәл осындай сәтсіздікке ұшырамаған еді. Бұл жалғандық пен әлсіздікке кесілген жаза.

Марин Ле Пеннің «Ұлттық майданы» да өз позициясын мықтай түсті. Дауыс берудің соңғы қорытындыларын күтпестен, Ле Пен 29 наурызды «Ұлттық майдан» үшін «тарихи күн» деп жариялап, француздық сайлаушыларға «осы таңғаларлық табыс үшін» алғыс білдірді.  Сондай-ақ, ол алдағы уақытта мемлекет басшысы лауазымы үшін бақ сынаудан ниетті екенін де жасырмады.

Марин ле Пен, «Ұлттық майдан» лидері:

Әрине, мен президент сайлауында кандидат болам. Нәтижелер ешкімнің күмәнін туғызбайды. «Ұлттық майдан» рекордтық деңгейде сайлаушылардың қолдауына ие болып, сциалистік партияны еңсереді. Біздің ендігі мақсатымыз- өз жоспарларымызды іске асырып, Францияда тәртіп орнату. Ешқандай да кедейшілік пен жұмыссыздық болмайды. Гүлдену мен жарқын болашаққа қадам басамыз.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ